Өзектi

ТарМПИ ректорының Хуайин педагогикалық университеті (Хуайан қаласы,ҚХР) өкілдерімен кездесуі

10.08.2017

5513

Таяуда Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институты Хуайин Педагогикалық Университетінен келген қытайлық өкілдерді қабылдады.

Аталмыш делегацияның құрамына Хуайин Педагогикалық Университетінің ректоры Джу Линшенг, Гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Ли Сянгин мырза, Шет тілдер факультетінің деканы Чэн Сиа, Академиялық істер жөніндегі департамент директоры Джоу Пинг мырза жәнеХалықаралық бөлімнің директоры Ванг Джи кірді. Шетелдік қонақтар іс-сапарының мақсаты – екі ЖОО арасында әріптестік туралы келісімге қол жеткізу. Кездесуді ұйымдастырушы – Дүйсенова Назым Тұрсынбаевна жетекшілік ететін Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Білім берудегі инновациялар және халықаралық байланыстар орталығы».
Кездесудің алғашқы күнінде ТарМПИ қабырғасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге Хуайин Педагогикалық Университетінің ректоры Джу Линшенг мырза бастаған шетелдік делегация және ТарМПИ ректоры Қожамжарова Дария Пернешқызы, ТарМПИ тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы, сонымен қатар барлық факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты. Келіссөз қытай, орыс және қазақ тілдерінде жүргізілді. Кездесу барысында ТарМПИ ректоры институттың халықаралық байланыс және білім сапасын арттыру саласындағы жұмыс бағыты туралы баяндап, кіріспе сөз сөйледі. Сонымен қатар, қос ЖОО презентация түрінде таныстырылды, халықаралық байланыс, студенттер және ПОҚ алмасу тақырыбы бойынша көптеген сұрақтар мен ұсыныстар талқыланды, зерттеу жобаларын бірлесіп әзірлеу туралы ұсыныстар айтылды. Аталмыш кездесу нәтижесінде Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институты мен Хуайин Педагогикалық Университеті арасында әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл келісімшарт болашақта білім және ғылым саласындағы қазақ-қытай қарым-қатынасының одан әрі нығаюына септігін тигізбек. Кездесу естелік сыйлықтар алмасу рәсімімен аяқталды.

Шетелдік қонақтар ТарМПИ-на іс-сапары барысында институттың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Джолдасова О.К. жетекшілігімен экскурсияға қатысты. Олар «Жерұйық» этнографиялық орталығына барып, қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық киімдерімен танысты және құрт, ірімшік, қымыз, т.б. сынды ұлттық сүт тағамдарынан дәм татты. Сонымен қатар, қонақтар Б.Момышұлының барлық әлем тілдеріне аударылған өмірі мен шығармашылығы туралы деректерімен әдеби мұрасының толық жинағы сақталған «Бауыржантану» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын аралады. Шетелдік қонақтарға көне Тараздың көрнекті орындары көрсетіліп, қазақтың ұлттық тағамдары таныстырылды.
Қытайлық делегация іс-сапары соңында аудиториялардың лайықты деңгейде жабдықталғандығын, ТарМПИ басшылығы мен педагогикалық ұжымның жоғары деңгейдегі біліктілігі мен қонақжайлығын атап өтті.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар