Өзектi

Жоғары білікті ІТ-мамандар даярлауға гранттар санын арттыру керек - Т. Құлыбаев

12.04.2016

5526

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту перспективалары талқыланды.

Палатаның Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және «жасыл экономика» комитетінің төрағасы Шавқат Сабыровтың айтуынша, 2015 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту саласына жұмсалған жалпы шығыстар 375,6 млрд. теңгені құраған. Бұл ретте комитет басшысы ақпараттандыру саласының уәкілетті органымен ынтымақтастықты арттыру, АКТ-саласының халықаралық қатысушыларын тарту, олардың бизнесін елімізде заңдастыру мәселесіне назар аударып өтті.

Сонымен қатар, сарапшылар ІТ-мамандарын даярлау, олардың еңбек нарығындағы сұранысы мәселелерін талқылады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Алматы қаласындағы екі жоғары оқу орнында жыл сайын 2 мыңға тарта ІТ саласының мамандары даярланады. Ал «Сандық Қазақстан» бағдарламасы бойынша елімізде ең кемі 60 мыңға тарта маман қажет.

Жиынды қорытындылаған «Атамекен» ҰПП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бүгінгі таңда нарыққа қандай да бір тыйымдар салу мүмкін емес екенін әрі дұрыс емес екенін атап өтті. «Бұл саладағы кез келген тыйымдар әділ емес бәсекелестікті көрсетеді, бұл жаһандық нарық шарттарына да қайшы. Оның орнына қазіргі күні сұранысқа ие өнім шығаруды үйрену керек. Бұл ретте егер барлық талаптарға сай келіп тұрса мемлекеттік органдар отандық дүниелерден бас тартады деп ойламаймын. Сонымен қатар, білім саласында ІТ мамандары бойынша гранттарды арттыру жастарды жоғары технологиялар саласына белсенді араласуға жәрдемдеседі деп ойлаймын», - деді Тимур Құлыбаев.

Айта кетерлігі, Қазақстанның ақпараттық ортасы бәсекелестік, ашық және либералды нарық құру кезеңін бастан өткеруде. Бүгінгі таңдағы мәліметтерге қарағанда, еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында экономикаға тартылған жалпы халықтың 1,5%-ы (131,9 мың адам) жұмыспен қамтылған. Бұл саладағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны: заңды тұлғалар - 5601; жеке кәсіпкерлер - 11065. Тіркелген кәсіпкерлердің негізгі бөлігі Алматы - 38,8% және Астана - 20,1% қалаларында шоғырланған.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар