Өзектi

Д.Нөкетаева: Елбасы мақаласы - жасампаздық жаршысы

12.01.2016

5546

Әрбір саланы елеп-екшеп, артық-ерекшелігін, кем-кетігін назарында ұстап, әрдайым соны ұсыныстар мен тың идеяларды ортаға салып, халықтың жұмыла жұмыс істеуіне негіз болып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында күрделі кезеңдегі күре жолды тағы бір мәрте айқындап берді. Қоғамдық-саяси мәні зор мақаладағы «Біз өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі болуға үйренудеміз, жаңа технологияларды меңгеріп, тарихымызда ешқашан болып көрмеген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас салаларын іске қосудамыз. Және ең бастысы - біз жаңаша армандауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөлшегі болып отырған жаһандық әлемдегі қиындықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік» деген жолдар еліміздің ғасырға бергісіз өткен тарихынан хабар береді. Ұлт көшбасшысының таяудағы мақаласына орай ҚазАқпарат тілшісіне пікір берген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева осылай дейді.
Оның пайымынша, толғақты мәселелерді кеңінен қамтыған мақала әлемнің дамыған 50 елінің арасынан ойып тұрып орын алған қалыптасқан Қазақстан үшін атқарылған шаруалар туралы тоқталып, оның жемісті жетістіктерінен сыр шертеді. Ұлт Көшбасшысының бағдарламалық саяси құжатқа бергісіз мақаласын зер салып, зейін қойып оқыған әрбір жан осы күнге дейін ауқымды жұмыстарды атқарылғанына, яғни Ұлт жоспарына сәйкес көптеген заңдар қабылданып, мемлекеттік қызмет, сот, жергілікті басқару істері дамытылғанына, көлеңкелі экономиканы жою үшін жасалған іс-шараларға толығымен көз жеткізеді.

«Сонымен қатар, «ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз» деген жолдар арқылы қазақстандық арманның орындалу жолындағы айқын бағдарды, мақсатты істерді алға қойып, әр саладағы күрделіліктерді шешу мен атқарылатын нақты қадамдарды көрсетіп береді. Біз бұл қоғамдық-саяси мақаладан шындығында 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің басталғанын сезіне аламыз»,- деді университет басшысы.

Ректордың атап өтуінше, саяси жарияланым Президенттің бұған дейінгі Қазақстан халқына арнаған Бес халықтық реформасымен, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарымен, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауымен астасып жатқан үлкен бағдарламалық құжат деуге толық негіз бар. Өйткені, Елбасының локомотив идеясы - Жаңа қазақстандық арман: Ұлы Дала Елінде ұлттың өрлеу дәуірін қалыптастырып, Мәңгілік Елге айналу екенін бәріміз түсінеміз. Ол үшін мақала авторы көрсеткен - азаматтардың құқықтары қорғалған, тәртібі мен заңы мықты кәсіби басқару аппараты құрылған, бекіген мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бар, біртектілікпен бірлігі бекем, мән-маңызы өркендеген кең ауқымды жаңғырған бағыты айқын, әлемнің дамыған 30 елінің ортасында іргесі мығым мемлекет болу үшін көптеген тың бастамаларды жүзеге асыруымыз керек. Ұлт Көшбасшысы оның тетіктерін де көрсетіп беріп отыр. Бұл мақалада шынайы әрі ұғынықты тілмен айқын жазылған.

«Жұрт келгендей жиын болсын, жұмылған қолдай ұйым болсын» деген халық даналығында. Қоғамның дамуы үшін әрі біртұтастығының артуына тікелей әсер ететін Елбасының бас мақаласы мемлекеттік қызметтен бастап мектепке дейінгі білім беру мәселелерін толық қамтыған. Әрбір саланың мамандарын ойлантатын, ілгерілететін, даму көшіне ілестіретін маңызды міндеттерді жүйелі түрде жеткізген. Мемлекет басшысы қалың бұқараға біртұтас азаматтық, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеологиясы қағидатында, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы арқылы үш тұғырлы тіл саясаты негізінде бірлігі берік, ынтымағы жарасқан елді нығайту әрі дамытуды көздейтіндігін жеткізіп, барша жұртты осы көзделген мақсатты орындауда бірлесе жұмыс істеуге шақырады. «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде» деп ерекше атап көрсетілген білім саласы, бала тәрбиесі күн тәртібінен түспейтін мәселе екені белгілі», - деді ол.

Осы ретте Д.Нөкетаева еліміздегі балабақшалар жұмысы, мектепке дейінгі білім беру орталықтары сапалы маманмен қамтамасыз етілуі керектігін баса айтты. Ол үшін педагогикалық бағытта маман даярлайтын жоғары оқу орындары кадр сапасына мән бергені жөн. Үш тұғырлы тіл саясаты негізінде балаларға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретуде қабілетті, баланың жанын түсініп, дарынын тани білетін нағыз педагогтар жұмыс істесе кемел келешек үшін үлкен үлес қосқан боламыз. «Себебі, ұрпақ тәрбиесі - бүгін берілгенімен, нәтижесі болашақта ғана көрінетін ауқымды жұмыс. Келешегіміздің кемелдігіне бүгіннен алаңдаушылық жасап отырған Елбасыға қолдау білдіріп, болашақтағы жемісіміз нәрлі болу үшін аянбай еңбек етіп, бірлесе атсалысқанымыз абзал демекпін»,- деді университет ректоры.

«Қазақстан қоғамын жасыратыны жоқ, ұлттық идеология қатты толғандырып жүрген болатын, - деп жалғады сөзін Д.Нөкетаева. - Қазір мемлекетіміздің ұлттық идеологиясы бар, ұлттық идея үлкен ізденістер мен тәжірибелік нәтижелердің ішінде дүниеге келді. Ол - Ұлы Дала Елінде қалыптасқан Қазақстаннан Мәңгілік Елге айналу. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік Ел идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан. Жасампаз қазақстандық патриотизмнің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық. Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұластырып отыру керек», - дегенінде, біз барша қазақстандықтар осы мұратта топтасып, осы мақсатта жұмыла еңбек етуіміз керек. Оған денсаулығы мықты, бірлігі тұтас, білімі сапалы, ғылымы жаңашыл дамыған әрі парасатты ұрпақпен ғана жете аламыз. Әрбір азамат өзі таңдаған саланың шынайы шебері болуы үшін адал қызмет атқарғанда ғана, өз ұрпағын «Бір ғана Отан - Қазақстан, өз еліміздің гүлденуі үшін өмір сүреміз!» деген қағидатпен тәрбиелесе ғана біз көп боламыз және үлкен жетістікке жетеміз, арманымызға құрық саламыз».

Ректордың пайымынша, биылғы 2016 жыл - Қазақстан халқы үшін маңыз беріп, мазмұнын айқындайтын ең мәртебелі де тарихи жыл. Ғұмырлы ел болайық деген асқақ рухта тәуелсіздіктің тұғырын қағып, негізін қалағанымызға, дүниежүзіндегі дербес мемлекеттердің қатарына енгенімізге 25 жыл толады! Әрине, АҚШ, Испания, Швеция секілді әлемнің алпауыт мемлекеттерінің тарихымен салыстырғанда аз ғана уақыт екендігін баршамыз білеміз. Алайда, осы 25 жылдың ішінде жаңа тарих беттері қатталып, онда Қазақстанның жаңа замандық келбеті қалыптасып, маңыз беріп атқарған қыруар жұмыстарының жемісі айқын көрініс тапты.

«Осындайда ой туады, неге Елбасы «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын жылдың басында жариялап отыр? Өйткені, Қазақстан үшін 2016 жыл дағдарысты еңсеріп, егемендіктің ширек ғасырын жаңа дамумен, тың серпінмен түйіндеудің межесі болу керек. Сондай-ақ, біз «Қазақстан - 2050» Стратегиясының ең маңызды бөлігіне қарай өтпекпіз. Ендігі мақсат - осы даму тетігін жоғалтпай, басты нысанаға ілгерілеуді, кемелдікке жетуді ғана алып, сол жолда аянбай еңбек ету әрбір қазақстандықтың парызы. Ұлт Көшбасшысы дәл осы мерейлі жылдың басында ауқымды жұмыстардың легін көзбен көріп, қолмен ұстатқандай етіп түсіндіріп беруінен жаһандық дағдарыста жұмыс істеудің жоспарынан тек нақты іске көшуді көздейтіндігін анық аңғарамыз. Осы уақытқа дейін институционалдық реформаны жүзеге асырудың әр қадамы қадау-қадау айтылған болса, ендігі кезекте әрбір қадамнан нәтиже шығарудың ашық та айқын жолы тізбектеліп, Үкімет мүшелерінен бастап, барлық салаға жеңілдік туып отыр. Тек «Қол жұмылмай жылынбайды» дегендей, бірлесе қимылға көшуіміз қажет. Сонда ғана оң нәтиже шығары сөзсіз», - деп түйіндеді сөзін Д.Нөкетаева.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар