Үйінділерде Қазақстанның «екінші байлығы» жатыр. Бүгін Ақордада Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы сыйлықты табыстау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Әрине, біздің жер қойнауымыз өте бай. Миллиондаған тонна кен қазып алдық. Бірақ, үйінділерде, қорларда жатқан қаза байлығы да мол. Уақыты келгенде біз оларды да қайта өңдейтін боламыз. Оны жақсы білемін, ол менің кеңес заманында Мәскеуде қорғаған докторлық дисертациям болатын. Тек Соколов-Сарыбай комбинатының үйінділерінде жүздеген миллион тонна темір, ванадий, вольфрам сынды қазбалар бар. Ал Екібастұз үйінділерінде алюминий тотығы бар. Біз кейін оны өндіретін боламыз», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы «ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» ұжымын бүгінгі сыйлықтарымен құттықтай келе, олардың зор іс тындырып жатқанын баса айтты. Өйткені, кен үйінділерінде Қазақстанның «екінші байлығы» жатыр.
Айта кетейік, «Әлемдік технология нарығында Қазақстанның мәртебесін көтерген және еліміздің инновациялық дамуына елеулі үлес қосқан алтын мен қорғасын металлургиясы саласында жасалған әзірлемелерді өндірісте іске асыру» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті «ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Әбдірәсіл Жәрменов, аталған орталық филиалының зертхана меңгерушілері, химия ғылымдарының кандидаты Людмила Болотова, техника ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Исабаев, ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат Күзгібекова, филиал директоры Игорь Старцев, бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Николай Ушаков, филиал директоры, доцент Серікбол Шалғымбаев, филиал директорының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Виктор Шумский «Әл-Фараби» атындағы сыйлыққа ие болған еді.
Дереккөзі: inform.kz