2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 700 стипендия беріледі. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы аясында Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Ғани Нығметов мәлім етті.
«Бүгін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл отырыста бірнеше мәселе қаралды. Біріншіден, комиссияның берген тапсырмалары бойынша қандай істер атқарылғандығы жайында Білім және ғылым министрі баяндама жасады. Соның ішінде келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Болашақ» ережелеріне бірнеше өзгеріс енгізіледі. Инженерлік-техникалық мамандарға жаңа магистратура ашылады және «Болашаққа» түсу талаптары күшейтіледі», - деді Ғ.Нығметов.
Оның атап өтуінше, екіншіден, «Болашақ» арқылы оқитын мамандықтардың тізімі қабылданған. Бұл тізімде ең басты көңіл техникалық мамандықтарға берілген.
«Үшіншіден, комиссияның шешімімен 375 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Бұл дегеніңіз, осы жылдың соңына дейін барлық конкурстық кезеңдер өтті деген сөз. Төртіншіден, келесі жылға комиссияның шешімімен 700 стипендия бөлінді. Бұл осы жылмен салыстырғанда 100 стипендияға көп», - деген ол биыл 601 стипендия тағайындалғанын еске салып өтті.
Дереккөзі: inform.kz