Өзектi

Келесі жылы қазақстандық технологияларды өндіріске енгізу үшін 100 млн. доллар бөлінеді

10.12.2015

5661

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасын жалғастыру үшін 2016 жылы 100 миллион АҚШ долларын бөлетін болады. Бұл туралы бүгін Астанада халықаралық конференцияда ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«2016 жылы біз «Жемісті инновациялар» атты екінші жобаны жүзеге асырамыз. Ол «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасының жалғасы. Жоба біздің жасақтап шығарған технологияларды нарыққа енгізуге бағытталған. 22 желтоқсан күні Парламент бұл құжатты қабылдап, жобаның келесі жылы іске асырылуына жол ашылады деп үміттенемін. Экономикалық ахуал мен бюджет қысқаруын ескеретін болсақ, 100 миллион доллар ғылым мен инновацияға салынған үлкен үлес болатыны анық», - дейді А.Сәрінжіпов.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасы аясында Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстан ғалымдары 65 инновациялық технологияларды нарыққа ұсынды. Бөлінген гранттардың арқасында 36 жоба 888 млн теңге көлемінде алғашқы пайдасын әкеле бастады. Қазіргі уақытта ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге 66,7 млн теңге инвестиция тартылды.

Аслан Сәрінжіповтің ойынша, Қазақстанда ашық бәсекелестік жүйесі қалыптасып келеді. Әрбір ғалым, зерттеу топтары, институттар, университеттер мен компаниялар ашық байқауға қатыса алады, ал ең үздік идеялар қаржыландыруға ие бола алады.

«Бірнеше жылдың ішінде нақты нәтижелер пайда болғанын көріп отырмыз. Біздің ғалымдардың баспа бетіне шығатын мақалалары артты. Егер де біз жан басына шаққандағы жарияланатын материалдар саны бойынша қарайтын болсақ, Ресей, Түркия сияқты елдермен теңестік. Орталық Азия елдерінен бірнеше есеге асып кеттік», - деп атап өтті министр.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар