Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың Қазақстандағы өз қызметін жалғастыратындығы туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжатты Қазақстан тарапынан еліміздің білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов рәсімдеді.
«Бұл осыдан 23 жыл бұрын посткеңестік кеңістіктегі ғалымдардың өз ғылыми жобалары мен зерттеулерін жүзеге асыруына жәрдем беру үшін құрылған халықаралық ұйым болатын», - деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, 1992 жылдан бері аталған орталықтың орталығы Мәскеу қаласында болатын. Алайда, 2010 жылы Ресей Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтан шығу туралы шешім қабылдаған еді. Осыдан кейін еліміз орталықты Қазақстанда қоныстандыру ұсынысын жасаған. Ал өткен жылдан бері бұл орталық Назарбаев университеті базасында өз жұмысын жалғастыруда.
«Бүгін біз аталған орталықтың Қазақстандағы қызметін жалғастыру туралы келісімге қол қойдық. Мұның біздің ғалымдарымызға тигізер пайдасы мол. Осы уақыт аралығында ғана 80 млн. доллардан астам сомаға 80-нен астам грант бөлінген еді. Бұл гранттар негізінен ядролық физика, техникалық ғылым, биология және медицина салаларын қамтиды. Біз бұл орталық отандық ғалымдарымыздың әлемдік кеңістікпен интеграциялануына септігін тигізеді деп ойлаймыз», - деді Т.Балықбаев.
Дереккөзі: inform.kz