Астанада ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың тиімді жүйесін құру мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті. ҚР БҒМ Технологияларды коммерцияландыру орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесу барысында Қазақстанның және шет елдердің сарапшылары ғылыми зерттеулерді коммерцияландырудың тиімді жүйесін құруға қатысты өз ойларын білдірді.
Мысалы, Американың «CRDF Global» азаматтық зерттеулер және даму қорының сарапшысы Олег Льянченконың айтуынша, ол Ресей мен Қазақстанда ғылыми жобаларды коммерцияландыру ісін көп зерттеген.
«Ресей мен Қазақстандағы жағдай ұқсас. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі инновациялық ғылыми жобаларға грант бөледі, бұл тамаша мүмкіндік. Бірақ, бір әттеген-айы, кейде ғалымдар сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жатады. Мысалы, зерттеуші қандай да бір ғылыми жаңалық ашып, жаңа ғылыми құрылғы ойлап табуы мүмкін. Ал, оны коммерцияландыру дегеніміз - ертең сол өнімнің нарықта сатылуын ойлау. Өкінішке қарай, қазір әдетте, біраз ғалымдар жаңалық ашуын ашады, бірақ, сол жоба толық жүзеге асып біткенде, сатыла ма, яғни, коммерциялық пайда әкеле ме, жоқ па, соны есептемейді. Бұл жерде ғылыми жетекшіге салық жүйесін, нарықтың есеп-қисабын білетін мықты ғылыми қызметкерлер, болмаса, докторанттар мен аспиранттар көмек көрсете алады. Менің ғылыми жетекшілерге айтарым, жобаның қаржылай негізін құрған кезде, ғылыми жаңалықты зерттеу үшін қажетті іс-сапарларды, әкімшілік жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің жалақысын түгендеп көрсету керек. Сонда, бөлінген грант өз нәтижесін береді», - дейді О.Дьяченко.
Ал, ҚР БҒМ жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС-ның бас директоры Дамир Егізбаевтың айтуынша, бүгін министрліктен грант алған өнертапқыштан ертең өнімі нарықта сатылған кезде қайтарым ретінде ешқандай қаржы талап етілмейтінін айтты. Яғни, орталықтың мақсаты - ғылымның жаңалығын коммерцияландыруға, ертең қаржылай табыс табуына қолдау көрсетті. Бірақ, грант беріп, жоба коммерциялық пайда әкеле бастағанда, гранттың қаржысын кері қайтару міндетті емес екенін, бұл мәселе тіпті қаралмайтынын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше күн бұрын ғана «Коммерцияландыру туралы» заңға қол қойған болатын.
Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы
Дереккөзі: inform.kz