ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының ғимаратында жас ғалымдардың Science Slam форматындағы сайысы өтеді. Бұл туралы аталған қордың баспасөз қызметінен хабарлады.
Айта кетерлігі, Science Slam - ғылымды насихаттаудың халықаралық жобасы. Ол бірінші рет 2006 жылы Германияда жүзеге асырылды. Бұл ғылыми ақпаратты ұсынудың ерекше форматы - ғалымдардың сайысы болып табылады. Олар сахнадан өздерінің ғылыми зерттеулері туралы қарапайым тілмен айтып береді.
Іс-шара бейресми жағдайда өтеді. 7 қатысушы - барлығы да Алматы қаласы университеттерінің және ғылыми-зерттеу институттарының магистранттары мен докторанттары. Олар әлеуметтану, менеджмент, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, инженерлік іс саласындағы өздерінің зерттеулері туралы айтып береді.
Үш жеңімпаз әділқазылардың шешімі бойынша анықталады. Қатысушыларды бағалаған кезде әділқазылар: көрермендердің дұрыс және толық жауап алуын, қошеметтеу санын, қойылған міндеттерді шешу жолын таңдаудағы шығармашылық әдісін ескереді.
Аталған іс-шараны өткізу мақсаты - отандық ғылымды насихаттау, жұртшылықты жас ғалымдардың еңбегіне назар аудару болып табылады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры 2000 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен құрылған коммерциялық емес ұйым. Қор әлеуметтік, қайырымдылық, мәдениет, білім беру және өзге де қоғамдық-саяси жобаларды жүзеге асырады.
Дереккөзі: inform.kz