Батыс Қазақстан облысындағы мектептер мен жоғары оқу орындарында Қадыртану сабақтары оқытыла бастады. Бұл туралы Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің басқосуында айтылды.
Жиында орталық директоры, Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қордың төрағасы Донеділ Қажымовтың атап өткеніндей, биыл 80 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өткен Қадыр ақынның соңында мол мұра қалды. Том-том кітаптары өз алдына, әлі жарыққа шықпаған қолжазбалары, жекелеген өлең-дастандары, түрлі жағдайларда тауып айтқан сөздері баршылық. Осылардың бәрін түгендеп, жинастырып, зерттеу - бүгінгі әдебиетші-ғалымдардың, ақын жанашырларының абыройлы борышы. Облыс көлемінде Қадыр оқулары, ақын өлеңдеріне жазылған әндер орындалатын концерт қою және басқа шаралар жалғасын табатын болады. Жалпы, Қадыр Мырза Әлі атындағы орталықта әдеби-музыкалық, танымдық кештердің қай-қайсысын да өткізуге мүмкіндік бар.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушы-ғалымдары, филология ғылымдарының кандидаттары Серікқали Шарабасов пен Зейнолла Мүтитегінің жеткізгеніндей, қазіргі таңда аталмыш оқу орнында Қадыртану курсын енгізумен бірге дипломдық жұмыстар жазыла бастады. Кезінде Қадыр ақынның шығармашылығы жөнінде кандидаттық диссертация қорғалды. Ақынның өлеңдері мен поэмалары өз алдына, оның афоризмдері мен қара сөздері жан-жақты зерттеуге тұрады.
Журналистика ардагерлері Базарғали Қуатов, Тихон Әліпқали, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин және басқалары ақын мұрасын зерттеу және шығармашылығын насихаттау турасында өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, Қадыр туралы кітаптар шығарған кезде оны алдын ала сүзгіден өткізу үшін арнайы ғылыми-сарапшылық топ құру қажеттігі айтылды.
«Ең бастысы, Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығы бос тұрмауы керек. Онда түрлі істер бастау алып, сан алуан шаралар әлсін-әлсін өтіп жатуы тиіс», деді зиялы қауым өкілдері.
Дереккөзі: inform.kz