Өзектi

Батысқазақстандық ұстаз бен шәкірттің «ЭКСПО алаңшасы» республикада үздік деп танылды

20.05.2015

5768

Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округіндегі Жаңажол негізгі мектебі технология пәнінің мұғалімі Медет Бисекенов пен оның шәкірті, 9-сынып оқушысы Мархабат Серіков Алматы қаласында өткен оқушылардың «Экологиялық үздік бизнес жобалары» атты республикалық байқауынан бас жүлдемен оралды.
Бұл сайысқа еліміз бойынша 128 жоба түсіп, соның 14-і ғана іріктеуден өткен. М.Бисекенов пен М.Серіковтің «ЭКСПО алаңшасы» атты жұмысы ең үздік деп танылып, бас жүлдеге қоса грант берілді.

Медет Бисекеновтің айтуынша, байқау өте жоғары деңгейде өтіп, оған ең таңдаулы жұмыстар қатыстырылды. «ЭКСПО алаңшасын» қолға алудың мәнісі мынада. Бүгінде электр қуатының бағасы қымбаттай түсуде, өндірілетін қуаттың көлемі оған деген сұранысты қанағаттандыра алмай жатыр. Сонымен қатар оны өндіретін негізгі шикізат көздері мұнай, газ, көмір қорлары шектеулі. Аталмыш алаңша баламалы қуат көздерін өндіретін бірнеше қондырғыны топтастырады. Мұндағы мақсат - мектеп жанындағы шағын орталықтың ойын залын таза, қауіпсіз, арзан қуат көзімен қамтамасыз ету. Құрылысы: «БРИЗ» атты жел двигательдері, «Гелиосфера» атты күн батареясы, «СКАТ» атты химиялық реактор қондырғысы және жарық диодты шам мен конденсатор. «БРИЗ» - соғып тұрған жел күшінен электр тогын өндіруге арналған құрылғылар. Олардың саны - 3. Әрқайсысы 12 вольттық электр тогын өндіруге арналған. Ал «Гелиосфера» күн коллекторы - күн жарығын бір нүктеге жинақтап, шоғырландыру арқылы ток алуға арналған қондырғы. «СКАТ» шағын реакторы химиялық реакция негізінде электр энергиясын өндіруге негізделген. Химиялық ертінідінің құрамы әзірге құпия ұсталады. Электродтардың теріс полюсы арнайы плитада күйдіріледі, ал оң полюсы сол таза күйінде қалады және химиялық ерітіндіге батырылады. Осы арқылы электролит дайындалды. Электролитте электрондар заряд тасымалдап, нәтижесінде ток пайда болады. Бұл жобаның көлемін ұлғайту және химиялық реагенттер құрамын арттыру арқылы алынатын энергия мөлшерін көбейтуге жол ашылады. Сонымен қатар реакция толық қауіпсіз. Одан қоршаған ортаға еш зиянды әсер таралмайды.
«Осы жобаны ұсына отырып, біз өз мақсатымызға жеттік. Өйткені біз электр қуатының жаңа, экологиялық таза, арзан және тиімді көзін таптық. «ЭКСПО алаңшасы» мектебімізде жарық жүйесінің арзан көзі арқылы шығынды үнемдеп қана коймай, жаңа технологияның дамуына да мүмкіндік береді», деді М.Бисекенов.

Айта кетейік, бұл - ұстаз бен шәкіртінің республикалық деңгейдегі екінші жеңісі. Олар 2014 жылы Астана қаласында өткен осы дәстүрлі байқауда да «Магниттік генератор - MG-12» жобасымен жеңімпаз атанған болатын. Қазіргі кезде бұл магниттік генератор 5х8 метр көлемдегі оқу кабинетін жарықтандыру қызметін атқаруда.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар