Қазақстанда плагиаттыққа ұрынған ғалымның аты-жөні бүкіл елге жария етілуі мүмкін
Қазақстанда плагиаттыққа ұрынған ғалымның аты-жөні бүкіл елге жария етілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» АҚ-ның президенті Асанбай Жұмабеков айтты.
«Өте беделді жарияланымдардың тең авторы болып табылатын бірнеше қазақстандық ғалым бар. Ал плагиаттыққа ұрынған ғалымды анықтап, дәлелдеу әрі айып тағу үшін заңнамалық база қажет», - деді ол.
Орталық басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты комитетпен бірлесіп, плагиаттықты анықтау бағытындағы жұмыстар қолға алына бастаған.
«Жалпы, плагиаттық сотқа дейін баратын іс. Әлемдік тәжірибеде бұл мәселе реттеледі. Егер этикалық мәселелерде бұзушылық орын алып, біреудің ғылыми еңбегіне қиянат жасалатын болса, онда ол адамның аты-жөні бүкіл елге жария болады. Халықаралық тәжірибеде мұндай адам жұмысынан айырылып, ғылыми жобаларға қатысу құқынан айырылады. Яғни, ғылыми мансап жолын аяқтайды. Ал бұл ғалым үшін нағыз жаза», - деді А.Жұмабеков.
Дереккөзі: inform.kz