Ақпараттық қауіпсіздік және радиотехника бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды
Астанада «Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік, радиотехника мен телекоммуникациялар» атты техникалық оқу орындарының 3-4 курс студенттері мен магистранттары арасында өткізілген II студенттік олимпиаданың қорытындылары шығарылды.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастырған олимпиадаға Қазақстан және Ресейдің 14 жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысты. Олардың ішінде ЕҰУ, ХАТУ, ҚазҰЗТУ, ҚарМТУ, ШҚМТУ, ТУСУР және тағы басқа да жоғары оқу орындары бар.
«Іріктеу интернет-турына 298 студент қатысты. Сайыстың 2 кезеңіне қазылар алқасының шешімімен 29 жұмыс өтті, олардың ішіндегі 6 жұмыс авторларына жеңіс әкелді»,- дейді олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мұрат Закиров.
Сонымен қатар, ол ұйымдастыру комитетінің құрастырған конкурстік тапсырмаларының ішіне кәсіптік тапсырма, теориялық тест сұрақтары және тәжірибелік есептер кіргені туралы айтты. Қазылар алқасы мен ұйымдастыру комитетінің құрамына «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК жетекші мамандарымен ЕҰУ оқытушы-профессорлар құрамы кірді.
«Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік» секциясының жеңімпаздары:
1 орын - Әлібек Ерғалиев (АУЭС, Алматы қ.)
2 орын - Владимир Лукичев (ЮКГУ, Шымкент қ.)
3 орын - Ернар Увалиев (КарГТУ, Қарағанды қ.)
«Радиотехника мен телекоммуникациялар» секциясының жеңімпаздары:
1 орын - Ерлан Алтынбеков (ТУСУР, Томск қ.)
2 орын - Әйгерім Құрманбекова (МУИТ, Алматы қ.)
3 орын - Шолпан Жұмабекқызы (МУИТ, Алматы қ.)
Марапаттау және олимпиаданы жабу рәсімінде жеңімпаздарға 1, 2, 3 дәрежелі дипломдар және смартфондар мен планшеттер табысталды. Сонымен қатар, олимпиада жеңімпаздары «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК жұмыс істеуге шақыру алды.
Дереккөзі: inform.kz