Өзектi

«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанның базалық инфрақұрылымын түбегейлі жақсартады

23.04.2015

5371

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 6-сында Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Былтырғы Елбасы жариялаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы, бағдарлама экономика өсіміне жағдай жасай отырып, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтайды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы негізінен экономикалық дағдарыстың алдын алып, барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеуге бағытталғаны белгілі. Осындай маңызды бағыттың шеңберінде бағдарламаның негізгі міндеттері де айқындалған болатын. Атап айтқанда, бұлар «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту, бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту шараларын қарастырады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру сондай-ақ, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері де бағдарламаның аясында жандана түспек. Бұдан бөлек, ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі салаларының жекелеген секторларын, агроөнеркәсіп кешенін экспорттаушыларды қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау және геологиялық барлауды жандандыру мәселелерін қамтып отыр.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасын бюджеттік қамту толығымен шешімін тапқан. Атап айтқанда, бағдарламаны іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015 жылы - 796 млрд. тенге, 2016 жылы - 379 млрд. тенге, ал 2017 жылы - 3 млрд. АҚШ доллары эквиваленті көлемінде қаражат бағыттау жоспарлануда. Сонымен қатар, Халықаралық қаржы институттары есебінен индикативті бірлесіп қаржыландыру көлемі 9 млрд. АҚШ доллары шамасын құрайтын болады. Ал ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты есебінен «Нұрлы жол» шараларын қаржыландыру 240,9 млрд. теңге болады.

Жалпы алғанда «Нұрлы жол» бағдарламасы негізгі екі блоктан тұрады. Оның біріншісі - инфрақұрылымды дамыту. Бұл блогтағы жобалар 7 бағыт бойынша өрбімек.

Атап айтқанда, бірінші бағыт - көліктік-логистика инфрақұрылымын дамыту. Бұл ретте автожол саласындағы жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 301,3 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді. Соның ішінде 2015 жылы - 178 млрд. теңге, 2016 жылы - 123,3 млрд. теңге қарастырылмақ. Халықаралық қаржы институттарынан тартылатын қарыз есебінен 6,3 млрд. АҚШ долларымен қоса қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Осының аясында 2015 - 2020 жылдары «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» секілді ірі автожол жобалары іске асырылып, республикалық маңызы бар басқа жолдарды реконструкциялау көзделген. Жобалардың инвестициялық фазасы кезеңінде 200 мыңға тарта жұмыс орны құрылатыны жоспарланыпты. Теміржол саласы мен көліктік логистикаға келсек, ондай жобаларды іске асыруға ұлттық компаниялар қаражаты есебінен қоса қаржыландыру 19 млрд. теңгені құраса, Ұлттық қордан 75,3 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді.

Екінші бағыт - индустриялық инфрақұрылымды дамыту бойынша 2015 жылы Ұлттық қордан 81 млрд. теңге бөлінеді. Соның ішінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопаркі» Арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым салу үшін - 68,5 млрд. теңге, «Қорғас - Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылымды дамыту үшін - 12,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ретте «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымын жүзеге асыру Қорғас арқылы тауар айналымының көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік бермек. Сарапшылардың пікірінше, осы жобаның жолға қойылуы жүк тасымалдауды жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Нәтижесінде, 150 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылады және 20 мыңға дейін жұмыс орны құрылатын болады.

Үшіншіден, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту шаралары жүзеге аспақ. Бұл ретте Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және Солтүстік-Оңтүстік бағытына транзитті күшейту көзделген. Осы мақсатта «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВт транзитін салу» жобасы іске асырылады. Жобаға «KEGOC» АҚ-ның 118,9 млрд. теңгені құрайтын меншікті қаражаты тартылмақшы. Айта кетерлігі, мұндай нысанды қосу еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр беру желілері арқылы рұқсат етілетін электр қуатының ағынын 2100 МВт-қа (шамамен жылына 14 млрд. кВт/с) жеткізетін болады. Осындай желінің болуы Қазақстанның оңтүстік облыстарына қазіргі деңгейден жылына 4 млрд. кВт/сағат артық тасымалдау үшін электр қуатының қосымша көлемін өндіруге мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғыртуға 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан 150 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Бұл ретте келесі жылдан бастап әр жыл сайын 100 млрд. теңгеден кем болмайтын қаражат қарастырылады. Сонымен қатар, Халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тарту да көзделеді. Бағдарлама бойынша коммуналдық желілерді жаңғырту жобаларының тиісті іске асырылуы 2020 жылға жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуын 65 пайыздан 53 пайызға төмендетуге және желілердегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарады.

Бұдан бөлек, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту және халықтың баспанаға қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Өңірлерді дамыту- 2020» бағдарламасы шеңберінде, жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылады. Тұрғын үй инфрақұрылымын қолдауға бөлінетін Ұлттық қор қаражаты есебінен 2015-2016 жылдары қаржыландырудың жалпы көлемі 150 млрд. теңгені құрайды. «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ желісі арқылы кейіннен жалға беру үшін тұрғын үй нысандарын салуды немесе сатып алуды барлық көздерден жалпы қаржыландыру 250 млрд. теңгені құрайды. Нәтижесінде 2015 - 2019 жылдары 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады.

Алтыншы бағыт - білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша Ұлттық қордан 66 млрд. теңге бөлінеді, оның ішінде 2015 жылы - 33 млрд. теңге, ал 2016 жылы - 33 млрд. теңге қарастырылмақ. Аталған қаражат мектептерді, балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерді салуға және жоғары оқу орындарында ғылыми зертханаларды құруға жолданады. Нәтижесінде, орта білім беру жүйесінде Ұлттық қордың қаражаты есебінен апатты мектептердің орнына және үш ауысымда оқытуды жою үшін өңірлерде жалпы білім беретін жаңа мектептер салынып, пайдалануға беріледі. Айта кетерлігі, Ұлттық қордан бөлек, республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен салынатын мектептер санын ескерсек, Қазақстанда 2018 жылға қарай апаттық және үш ауысымда оқытытатын мектептер проблемасы толық шешімін табады.

Жетіншіден, кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру шараларын қолдау. Бұл ретте 2015 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беруге Ұлттық қордан 100 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінетін болады. 2015 -2017 жылдары шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан 155 млрд. теңге мөлшерінде кредиттік желілер тартылады. Ал шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беру инвестициялық жобаларды іске асыруға, айналым қаражатын толықтыруға және бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталатын болады. Осыған орай, бағдарлама аясында түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайыздан, кредиттеу мерзімі 10 жылдан аспайды. Ал кәсіпкерлік субъектілеріне мұндай жеңілдетілген кредит берудің нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, өндірілген өнімнің көлемі ағымдағы деңгейден 150 млрд. теңгеге ұлғаятын болады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасындағы кешенді жоспардың екінші блогы - 2015 жылғы дағдарысқа қарсы шаралар. Бұл да 7 бағытта айқындалған. Бірінші бағыт - отандық машина жасауды дамыту. Бұл ретте автомобильдер, тікұшақтар және жолаушылар вагондарды жасау жобаларына 2015 жылы Ұлттық қордан 35 млрд. теңге бөлінеді. Соның ішінде автомобильдерді жасау үшін 20 млрд. теңге, тікұшақтарды жасау үшін 10 млрд. теңге, жолаушылар вагондарын жасауға 5 млрд. теңге қарастырылған. Отандық автомобиль және тікұшақ өндірушілерді қолдау ішкі нарықта шетелдік өнімдердің импортын отандық өндіріс өнімдерімен алмастыруды қамтамасыз ететін болады. Жалпы мұндай шаралар әлеуетті ішкі және сыртқы тұтынушыларға тиімді қаржылық жағдайында отандық машина жасау өнімін алуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, даму институттары арқылы экспортты қолдау шаралары үшін экспорттық кредиттеу жолымен 50 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. Жалпы, ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну экспорттаушыларға әлеуетті сатып алушыларды ынталандыру жолымен өнімді өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, Агроөнеркәсіп кешенін 2015 жылы қосымша қолдау үшін Ұлттық қор қаражатынан 20 млрд. теңге бағытталады. Бұл ретте, АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру бағыты шеңберінде кредиттер және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға - 0,7 млрд. теңге, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған кредиттер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеуге - 1,5 млрд. теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыруға бағытталған АӨК-ті қаржылай қолдау қаражатының көлемі 11,5 млрд. теңгеге ұлғайтылатын болады.

Төртіншіден, басталған кредиттік тұрғын үй жобаларын іске асыру және үлестік салымдарды қорғау үшін 2015 жылы Ұлттық қордан 45 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осының арқасында тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша халыққа берілетін 240,6 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталатын болады. Кепілдік беру тетігін енгізу тұрғын үй құрылысына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді және азаматтардың үлескерлік құрылысқа қатысу тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Бесінші - «Бизнестің жол картасы - 2020» жобалары үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізу шараларына 10 млрд. теңге мөлшерінде Ұлттық қор қаржаты қамтамасыз етіледі. Бағдарлама шеңберінде Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы индустриялық аймақтарға инфрақұрылымдар жүзеге асады. Кәсіпкерлік субъектілерінің неғұрлым ауқымды тобын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алтыншы - өнім сапасы инфрақұрылымын дамыту мақсатында сынақ базасының жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Ұлттық қордан 5 млрд. теңге бөлінеді. Нәтижесінде жеңіл және химия өнеркәсібіндегі, металлургиядағы, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс, сондай-ақ ветеринария саласындағы қолданыстағы сынақ зертханаларын кеңейту және жете жарақтандыру қамтамасыз етілмек. Өнім сапасының инфрақұрылымын дамыту қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және икемді сауда саясатын жүргізу үшін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өнім сапасына сәйкестікті растау қажеттігіне байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің шығыстарын оңтайландыру көзделіп отыр. Жетіншіден, перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеу және пайдалы қазбалардың қорларын толықтыру мақсатында жер қойнауына барлау жасау үшін Ұлттық қордан 6 млрд. теңге бөлінеді. Нәтижесінде Қазақстандағы пайдалы қазбалар қорларының, оның ішінде түсті металдар мен алтын қорының болжамды көлемдері анықталады.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру 2020 жылға дейін бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2014 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімін 15,7 пайызға жеткізу көзделеді. Соның ішінде 395,5 мың жұмыс орнын ашуға, бұдан бөлек, Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингіндегі «базалық инфрақұрылымның сапасы» көрсеткішін 57-орынға дейін көтеру мүмкіндік туады.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөзі: kazinform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар