«Болашақ» стипендиясын дамытудың жаңа жоспарын дербес кадрлар даярлау тетіктерімен нақпа-нақ байланыстыру қажет - Г.Әбдіқалықова
Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да болды. Кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова және тағы басқалары қатысты.
Жүздесу барысында Мемлекеттік хатшы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламалар стипендиясын әкімшілендіру үдерісімен, үміткерлерді конкурстық іріктеудің, оқу мониторингімен және бағдарлама түлектерін жұмыспен қамтудың тетіктерімен танысты.
Г.Әбдіқалықова шара барысында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылдар ішінде экономиканың түрлі салалары бойынша 7 929 маман, олардың қатарында 3 мыңнан астам инженер мен технолог, 600-ге жуық дәрігер, 1 500-ден астам мұғалім, оқытушы, ғылыми қызметкер, 81 Phd докторы, ұлттық және жеке компаниялардың 2 мыңнан астам маманы даярланғанына назар аударды. Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасының «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің әлеуетін барынша пайдалану және оларды мемлекеттік қызметке белсенді тарту қажеттігі туралы тапсырмаларына айрықша назар аударды.
Сонымен қатар шара барысында Ұлттық экономика министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамытудың келешегіне қатысты бірқатар ұсыныстар жасалды.
Жиынды қорытындылаған Мемлекеттік хатшы экономиканың барлық салалары үшін нақты бейімделген дербес кадрлар даярлауды және стипендия сапасын арттыру тетіктерін алдағы бес жылға белгіленетін стипендияны дамытудың жаңа жоспарымен нақпа-нақ байланыстыру қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар Г.Әбдіқалықова «Қазақстан-2050» Стратегиясын, инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі Елбасының тапсырмаларын іске асыру аясындағы «Болашақ» стипендиясын одан әрі жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөзі: kazinform.kz