Жалпы, Ғылым саласы еліміздің стратегиялық маңызды ресурсы ретінде, елдің экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін оны жаңғыртуға ықпалын тигізуі тиіс. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ғылым және ғылыми зерттеулердің негізгі үрдісін дамыту» тақырыбында өткен брифингте осы салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаузалды. Аталмыш жиынға Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Сансызбай Жолдасбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры Тілекқабыл Рамазанов, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған қатысты. – Еліміздің Білім және ғылым министрлігі ғалымдарға біреудің еңбегін пайдалануға тосқауыл қоймақ. Бұдан былай ғалымдар ашқан жаңалықтар арнайы комиссияның қатаң сүзгісінен өтіп, сұрыпталады. Яғни ғылыми жобаларды мойындамас бұрын мәтіні тексеріліп, плагиатқа жол берілмейді, – деді, өз сөзінде комитет төрағасы. Оның айтуынша, ғылым саласы «ұрлық-қарлықтан» да кенде емес көрінеді. Керісінше, соңғы жылдары зейінді, білімді жастардың саны артқан. Жыл басынан бері комитетке 5 800-ге жуық жаңа жоба ұсынылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп деген сөз. Оларға көрсетілетін қаржылай көмек те қомақты. Мәселен, биыл Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйақының алғашқы лауреаттары анықталады екен. Үздік шыққан инновациялық жобалардың авторлары 100 мың АҚШ долларын иеленбек. «Жүз мың доллар көлеміндегі сыйақы үздік шыққан 7 жобаның авторына беріледі. Бұл ғалымдар үшін үлкен қолдау. Ынталандырудың бірден бір төте жолы. Байқауға 26 жұмыс ұсынылды. Әсіресе, сарапшылар тобына зор жауапкершілік жүктелген. Тәуелсіздік күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы сыйақы жеңімпаздарының есімін жариялайтын болады», дейді С.Жолдасбаев. Сондай-ақ, бағдарлама барысында гранттық қаржыландыру бойынша 4 байқау өткізіліп, 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілгендігі, бағдарламалық – нысаналы қаржыландыру шеңберінде 105 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылып жатқандығы алға тартылды. Сонымен қатар, ғалымдар белсенділігі біршама өскендігі туралы да сөз болды. Ал, 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап PһD докторларын даярлаудың жаңа тетігі жүзеге асырылу үстінде екен. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, елді индустриялық-инновациялық дамытудың екінші бесжылдығы шеңберінде және 10 жоғары оқу орны базасында ғылымды экономика салаларымен ұштастыруды қамтамасыз ету үшін кадр даярлау бойынша жұмыстар жүргізілуде көрінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ғылымды қаржыландыруды сатылы өсіру жоспары әзірленген. Жүргізіліп отырған ғылым саласындағы реформа шаралары мемлекетіміздің тұрақтылығы мен табыстылығына қол жеткізбек.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ
Дереккөзі: egemen.kz