Белгілі археолог Арман Омарходжиев Будда сақ тайпасынан шыққанына сенімді. Жуырда ол Непалға барып Будданың ұрпағының көмегімен генетикалық сынақ жасап көрді. Археолог жиған деректер сақтың Алтын адамы мен Будда бір адам болуы мүмкін екенін көрсетті, деп жазады «Экспресс-К» газеті.
Будданың ұрпағы болып табылатын шакья тайпасы генетикалық зерттеуге келісті. Нәтижесінде шакья қазақтардың туысы болып шықты. Сонымен қатар, «Сақтан шыққан дана» деректі фильмін құрастырушылар мұны айғақтайтын бірнеше дәлел тапқан. Таулы Непалда табылған артефактар сақтың заттарына ұқсас. Непал және қазақ тіліндегі кей сөздер ұқсас болып келеді. Мысалы, «жан» және «апта» сөздері непал тілінде де бар және мағыналары да қазақ тіліндегідей.
Айта кету керек, Будда сақтан шықты деген көктен алынған жоқ. Біздің заманымыздағы II ғасырдың соңында сақтар Солтүстік Үндістанды басып алған. Будданың ханзада болғаны белгілі. Сидхартха Гаутама (Будданың индустық аты) тірі кезінде Солтүстік Үндістан мен Непалда сақтар билік еткен. Ендеше ол сақ ұрпағы болуы тиіс. Бұл оның Шакьямуни есімін де растайды. Оның есімінің тікелей аудармасы «Сақтан шыққан дана» дегенді білдіреді.
Дереккөзі: kazinform.kz