Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің саны 25,8 мың адамға өсті - А. Сәрінжіпов
Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бес институционалды реформаларын іске асыру аясында Қазақстан ғылымын дамыту» атты ғылыми-практикалық конференция болды.
«2014 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған қаржының көлемі 66,4 млрд. теңгені құрады. Ал бұл, мысалы, 2010 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық. 2011 жылдан бастап, қазақстандық ғалымдар Thomson Reuters, Springer және Elsevier секілді әлемдік ақпарат ресурастарына тегін қол жеткізе алатын болды», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Оның айтуынша,соңғы жылдары ғылыми қызметкерлердің саны арта түсуде. 2009 жылы олардың саны 15 мың болса, қазіргі таңда ғылыми қызметкерлердің жалпы саны 25,8 мың адамға жеткен. Жасы 35-ке жетпеген ғалымдардың саны 38 пайызға өсіп отыр. Өнертабыстар мен инновацияларға 1400 астам патенттер алынған. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде қазір 105 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда.
«Қазіргі таңда ғылым мен экономика секторларының өзара байланысын нығайту мәселелері шешілуде. Министрлік технологияларды коммерцияландырумен айналысып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 118 жобаның нәтижелері өндірісте қолданылды. Мұндай шараларды жүзеге асыру отандық ғылымның экономикалық тиімділігін арттыруға септігін тигізеді», - деді министр.
Конференция жұмысына Қазақстанның академиктері мен ғалымдары, Ұлттық ғылыми Кеңестің мүшелері, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың, ұжымдық және зертханалық қолданыстағы зертханалардың басшылары, ғылым мен жоғары білім беру саласының басқа да қызметкерлері, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары қатысты.
Бүгінгі шара аясында үздік ғылыми жетістіктер мен 2011-2014 жылдардың қорытындысы бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, жариялауға бағытталған отандық ғылымның жетістіктері көрмесі ұйымдастырылды.
Конференция соңында жетекші ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының ардақты қызметкері» төсбелгілерімен және ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Дереккөзі: kazinform.kz