Қазақстан мен Түркия арасында кәсіптік-техникалық білім беру бойынша ынтымақтастық қарқынды дамуда
Қазақстандықтардың Түркияда білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту жөніндегі ынтымақтастық қарқынды дамуда.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазіргі таңда Қазақстанның бүкіл облыстары мен қалаларынан жиналған 66 оқытушы мен кәсіптік-техникалық білім беру мамандары Түркияда тағылымдамадан өтіп жатыр. Іс-шара Түркия Үкіметінің жанындағы ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТИКА) Түркияның Ұлттық білім беру министрлігімен бірлесе отырып жүргізген білім беру бағдарламалары аясында ұйымдастырылды.
Қазақстанның кәсіптік-техникалық оқу орындарының өкілдері қазіргі заманға сай білім беру әдістері мен технологиялармен танысып, теориялық және практикалық сабақ ретінде тәжірибе алмаса алады. Тағылымдама Ыстамбұлдың алдыңғы қатарлы оқу орындарында өткізілуде.
Күні бүгінге дейін тәжірибе алмасу бағдарламалары бойынша Түркияда 300-ден астам қазақстандық оқытушы тағылымдамадан өтті.
Дереккөзі: kazinform.kz