Өзектi

Алматыдағы «АҚШ-та білім алу» жәрмеңкесіне 25 американдық ЖОО қатысты

06.04.2015

4952

Алматыда «АҚШ-та білім алу» жәрмеңкесі өтті. Оған АҚШ-тың әрбір аймағынан 25 жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олардың ішінде Вашингтон, Калифорния, Толедо, Мэривуд және басқа да университеттер және колледждер бар.

«Бүгінгі шараға 25 жоғары оқу орнының қатысуы көп жәйтті аңғартады. Демек, американдық жоғары оқу орындарының қазақстандық талапкерлерге деген қызығушылығы арта түсуде. Неге? Өйткені, қазір АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студенттер өте жақсы оқиды. Талаптары күшті, үлгерімі өте жоғары. Сондықтан да біз қазақстандық жастарды АҚШ-та жоғары білім алуға шақырғымыз келеді. Мұның тиімді жақтары өте көп. Біріншіден, екі елдің жастары бір-бірімен жақын танысады, өзара тәжірибе алмасады, екіншіден бір-біріне өз елінің тарихы, мәдениеті, әдебиеті жайлы әңгімелейді» - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында АҚШ-тың Алматыдағы Бас Консулдығының баспасөз, мәдениет және білім мәселелері бойынша кеңесшісі Чарльз Мартэн.

Ол сонымен қатар АҚШ-тың жоғары оқу орындарында оқу ақысы, білім беру бағдарламалары, шәкіртақы жүйесі бір-бірінен ерекшеленетіндігін жеткізді.

«АҚШ-тың білім беру жүйесінде жастар үшін көп мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, студент егер қаласа, бір мезетте, бір емес, бірнеше факультете оқи алады. Бірақ, әрбір жоғары оқу орнының қабылдау емтихандары, қоятын талаптары әрқалай. Сол үшін де қазақстандық талапкерлер бір емес, бірнеше жоғары оқу орнына өтінім бере алады. Кейін оларға нақты жауап хаттар келеді. Сол арқылы жастар өздерінің білімдеріне, қаржылық мүмкіндіктеріне қарай отырып, белгілі бір жоғары оқу орнын таңдай алады. Ал әрі қарай сол жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатылып, келу, емтихан тапсыру жолдары шешіледі. Біздің мақсатымыз осы рәсімдердің ыңғайлы және тез өтуіне мүмкіндік жасау», - деді Ч. Мартэн.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеге қатысқан талапкерлердің саны 1000 жуықтауы мүмкін.

Айта кетелік, бүгінгі таңда АҚШ-та 4000-нан астам жоғары оқу орны бар. Оларда қазіргі таңда 2000-ға жуық қазақстандық студенттер білім алуда. Жоғары оқу орындарының бір бөлігі жеке меншікте болса, қалғаны мемлекеттік мәртебеге ие. Ал оларда оқу ақысы жеке жоғары оқу орындарына қарағанда арзандау екені белгілі.

Тағы бір айта кететін жәйт, АҚШ-та жоғары оқу орындарына тек белгілі бір мезгілде ғана емес, жылдың кез-келген мерзімінде түсуге болады.

АҚШ-тың жоғары санатты жеке және мемлекеттік университеттерінде жылдық оқу ақысы 30 мың доллардан жоғары.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар