Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бүгін Израильден келген делегацияны қабылдады.
Кездесу барысында университет басшылығы шетелдік қонақтармен ғылыми-білім берудегі әріптестіктің дамуына қатысты мәселелер қаралды. Бұл туралы оқу ордасының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов, проректорлар, факультет декандары, Израиль елінің сыртқы істер министрлігі бас директорының орынбасары Цви Рав-Нэр, ҚР-дағы Израильдің Төтенше және Өкілетті Елшісі Элияу Тасман және «Еуразия» департаменті басшысының кеңесшісі Михаэль Бродски қатысты.
Ғалым Мұтанов қонақтарды ҚазҰУ жұмысымен және жетістіктерімен таныстыра отырып, халықаралық әріптестіктің кеңеюі, әлемнің жетекші университеттерінің озық тәжірибелерін зерттей келе жаһандық ғылыми-зерттеу кеңістігіне белсенді түрде енуі университет жұмысының негізгі бағыты екендігіне тоқталды.
«Біздің университет өзара тиімді әріптестікке дайын. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды қарауға және өз тәжірибемізбен бөлісуге де дайынбыз. Бірінші қадам ретінде студенттер мен оқытушыларды академиялық алмасу жасасақ болады. Израильдік университеттердің жоғары технологиялар, медицина мен экономика салаларында әлемдегі ең озық деп танылуын ескерсек, сіздермен бірлесе ғылыми жобалар бойынша жұмыс жасау үлкен қызығушылық тудырып отыр», - деді ҚазҰУ ректоры.
Цви Рав-Нэр өз кезегінде Қазақстанның жетекші оқу орнына келгеніне қуанышты екендігін білдіріп, ҚазҰУ туралы барлық ақпаратты израильдік университеттерге жеткізуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, екіжақты ғылыми-білім берудегі байланыстың дамуына барынша көмектесуге әзір екенін жеткізді.
«Қазақстен мен Израиль ғылым мен білім беру ісі бойынша келешекте әріптестік жасауға жақсы мүмкіндіктерге ие. Себебі, біздің елдерде академиялық дамуға деген көзқарас ұқсас», - деді израильдік дипломат.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті дамытуға жұмыс істеуге, ұсыныстарды белсенді түрде қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Дереккөзі: inform.kz