ҚР Білім және ғылым министрлігі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың сынына ұшыраған жоғары оқу орындарын атады. Ведомствоның «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің ресми сауалына орай берген жауабында аталған жоғары оқу орындарының ішінде Қазақ инженерлік-техникалық академиясы бар екендігі айтылған.
Естеріңізге сала кетейік, Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Б.Сапарбаев студенттер біліміне салғырт қараған ЖОО-лар жабылатындығын қатаң ескерткен еді.
«Жекеменшік жоғары оқу орындарына қатысты тоқталатын болсам, министрмен бірге Астанада екі ЖОО-ға барып, олардың жағдайымен таныстық. Айтуға ұят, студенттер мен база жоқ, бірақ мамандар даярлап жатырмыз деп мәлімдеуде. Бұл не өзі? Балалардан ұялуымыз керек қой, ертең олар қандай маман болады және қалай жұмыс істейді? Сондықтан бұл тұрғыда қатаң тәртіп болатындығы жайында жекеменшік және мемлекеттік жоғары оқу орындары мен колледждердің басшыларын ескертемін. ҚР БҒМ комитетіне тиісті тапсырма берілді», - деді Б.Сапарбаев.
Осы орайда ол талапқа сәйкес келмейтін оқу орындары жабылатындығын қадап айтты.
«Бұл тұрғыда ары қарай тиісті шараларды қабылдаймыз. Бас прокуратурамен бірлесе тексеріп, талапқа сай келмейтіндерін жабамыз. Сондықтан лицензия талаптары бар және осы талаптарды орындаңыздар», - деді Б.Сапарбаев.
Дереккөзі: inform.kz