Бангкок қаласында Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі елшісі Марат Есенбаевтың Таиланд Корольдігі Табиғи ресурстар және қоршаған орта министрі Даупонг Ратанасуванмен кездесуі өтті. Кездесу барысында экология мен «жасыл» экономика саласындағы Қазақстан – Таиланд ынтымақтастығының ағымдағы ахуалы мен келешегі талқыланды.
Қазақстандық дипломат Таиландтың Табиғи ресурстар және қоршаған орта министріне Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, Отанымыздың «жасыл» экономикаға көшуі бойынша тұжырымдамасы, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындығы хақында хабардар етіп, Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары туралы айтып берді
Д.Ратанасуван Қазақстанның бүгінгі жетістіктері мен Президент Н.Ә.Назарбаевтың қоршаған ортаны қорғау бойынша көреген саясатынан үлкен әсер алғанын және екі ел басшыларына тән ортақ бір ерекшелік – болашақ ұрпақты, жастардың қамын және олардың жарқын болашағын ойлау болып табылатынын атап өтті.
Тай министрі Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамыту бойынша күш салуын, Қазақстан үкіметінің экологиялық жүйелерді қорғау бойынша шараларын атап өтті. Атап айтқанда, Д.Ратанасуван Қазақстанның ормандарды қалпына келтіру мен құрғақ жерлерді көгалдандыру саласындағы тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытты. Сондай-ақ, еліміздің тұрақты даму саласындағы халықаралық бастамаларын жоғары бағалайтынын білдірді. Министр Таиландтың қазақстандық бастама болып табылатын «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы шеңберіндегі Ынтымақтастық туралы хартияға жедел қосылуға мүдделі екенін атап көрсетті.
Тараптар, сонымен қатар, су және энергия көздерін тиімді пайдалану, атап айтқанда, су басқару, трансшекаралық өзендер, су тасқынының алдын алу және қалпына келтіру шаралары, жаңартылмалы энергия көздерін дамытуда тәжірибе алмасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.
Таиландтағы баламалы және жаңартылмалы энергия көздерінің жалпы тұтыну мөлшеріндегі үлесі 6%-ды құрайды. ЖЭК дамуының негізгі бағыты биомасса болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Таиландтың Табиғи ресурстар және қоршаған орта министрі тиісті кездесулер өткізу, экология мен тұрақты даму саласындағы Қазақстан – Таиланд ынтымақтастығының тәжірибелік мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстанға сапармен бару мүмкіндігін қарастыруға ниет білдірді.
Дереккөзі: egemen.kz