Өзектi

Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына өткен жылы 80-ге жуық шетел азаматы келіп емделді - Серік Ақшолақов

29.01.2015

8067

Елбасы халыққа Жолдауында қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін жағдай жасау, аурудың алдын алу жұмыстарын сауатты ұйымдастыру қажеттігін атап өткен болатын. Ендеше, дені сау ұрпақ - болашағымыздың жарқын болуының кепілі. Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жылына 2.5 мыңнан аса әртүрлі операция жасалады. Соның 350-дейі мидың ісіктері екен. Отандық нейрохирургия саласындағы осы және өзгеде мәселелер төңірегінде, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік Қуандықұлы Ақшолақовпен сұхбаттасқан едік.
- Серік Қуандықұлы, нейрохирургия - медицинадағы ең күрделі әрі кеш дамыған саланың бірі деп жатамыз. Осы салада қазіргі уақытта сіздердің орталықтарыңыздан жиі шипа табатын аурудың түрі қайсы?

- Нейрохирургия ең күрделі әрі кеш дамыған саланың бірі екені рас. Нейрохирургия - біріншіден, неврология ғылымы, хирургия ғылымы, радиология ғылымы - үшеуінің тоғысқан жерінен шыққан. Бұның негізгі мақсаты нерв жүйесі ауруларына хирургиялық көмек көрсету. Ашып айтсақ, бұл - бастың, мидың, жұлынның ісіктері; омыртқаның жарақаттануы және ми қан тамырларының аурулары. Сосын іштен туа біткен немесе кейін пайда болған балалар миының зақымдануы.

Функционалдық нейрохирургиялық нерв жүйесінің аурулары - эпилепсия, паркинсон сияқты аурулардың хирургиялық емі табылған соң олар нейрохирургияның қатарына кірді. Атап айтқанда, нейрохирургиялық орталықта алты бөлімше бар. Соның бес бөлімшесі осы хирургиялық әдістермен емдейді. Бұлардың ішіндегі көп кездесетіні омыртқаның арасындағы шеміршектің орынынан қозғалып кетуі, осындай аурумен адамдар жиі келеді. Біздер жылына шамамен жылына 2.5 мыңнан аса әртүрлі операция жасаймыз. Соның 350-дейі мидың ісіктері.

- 350-дейі мидың ісіктері болса, соңғы уақытта ми ісігі көбейіп кеткен бе?

- Соңғы уақытта аурудың бұл түрлері көбейіп кетті деген сөз емес. Ұлттық нейрохирургиялық орталық ашылғаннан кейін диагностикалық жағдай жақсарды. Бүкіл облыстарда магниттік томография, компютерлік томография және басқада диагностикалық аппараттар бар. Солардың тез көмек көрсетуінің арқасында жылдам анықтауымен сандары көп болып жатқан көрінеді.

- Жалпы ми ісігінің пайда болуына не себеп болады?

- Оған себептер көп, оның стресс және экология теориясы деген сияқты бірнеше теориялар бар. Оның түпнұсқасын айту қиын. Егер кез келген аурудың пайда болу себебі табылса, онда оның салдарымен күресу де қиынға түспес еді. Біз осы уақытта салдарымен күресіп келеміз.

- Елімізде паркинсон ауруына шалдыққан 17 мыңға жуық науқас бар екен. Паркинсон нейрохирургияның ішіндегі кішкентай ғана бір саласы болғанымен, Қазақстанда нейрохирургияның ішінде ол да ең бір кенже қалып қойған. Паркинсонмен ауыратын науқастарға ота жасауды бастаған болатынсыздар, қазіргі уақыттағы нәтижелері қандай болып жатыр?

- Нейрохирургияның ішінде функционалды нейрохирургия деген бар. Паркинсонды емдейтін сол. Нейрохирургияның ішіндегі кеш дамыған бір түрі деп айтуға болады. Ол қазіргі заманда көп елде жоқ. Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бірі - жаңа технологияларды тәжірибемізге енгізу. Осы мақсатымыздың арқасында паркинсонды емдеуді тәжірибемізге енгіздік. Бірақ, 15-16 мың аурудың тек 5 немесе 10 пайызы ғана хирургиялық жолмен емдеу әдісіне жатады. Қалғаны көбіне дәрі ішу керек. Аталмыш ауруды емдей бастағанымызға екі жылдай болды. Қазірге дейін нейрохирургиялық орталықта 50-дей операция жасалды. Бұл жаңа тәсіл болғанымен, айта кету керек, бағасы өте қымбат тұрады.

- Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдегенде операция тек миға ғана жасалады ғой...

- Иә, бұл тек миға жасалады. Бас сүйекті ашып миға электрод қоямыз. Мидың өзі паркинсон болмау үшін оның гормондарын шығару керек. Ол туралы айта берсек ұзақ әңгіме.

- Нейрохирургия саласы дүние жүзінде қай елдерде жақсы дамыған?

- Өткен жылғы Астанадағы конгреске 56 елден делегат келді. Атап айтар болсақ, Америка, Жапония, Франция, Швейцария, Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан сынды дүниенің төрт бұрышындағы елдерден келген мамандар болды. Демек, бұл нейрохирургия саласының өзінде әртүрлі тарамдар бойынша алға озған елдер бар деген сөз.

Шынын айтқанда, қазір нейрохирургияның дамуы оған қаржының қалай бөлінгеніне тікелей байланысты. Өйткені, мұндағы ең басты мәселе - қазіргі заманға сай жаңа аппараттар алып отыру, диагностикалық емдеу аппараттарын игеру. Содан кейін сол аппараттармен жұмыс істейтін дәрігерлердің білімін жетілдіруде қаржы жағынан көмек көрсетіп отыру қажет.

- Соңғы уақыттарда вакцинация туралы адамдар арасында түрлі пікірілер тарап жүр. Кейбір ата-аналар балаларының сал ауруына шалдығуын осы вакцинациямен байланысты деп жатады. Сіздің пікіріңізше, вакцинация қаншалықты керек?

- Ондай әңгімелерді бізде ақпарат көздерінен естіп біліп жүрміз. Жалпы вакцина қанша адамға көмектесті. Статистика бойынша пайдалы жағы көп болып отырғандықтан, ол, менің ойымша, керек .

- Республикамыз бойыша нейрохирургтарымыздың нақты саны қанша? Осы саланың мамандары жеткілікті ме?

- Астанадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталықтан өзге әрбір облыстарымыздағы емханаларымызда бөлімшелер бар. Бүгінгі таңда Қазақстанда 250-дей нейрохируруг қызмет етіп жатыр. Олар облыс орталықтарында, қалаларда, сосын Алматыда бір білім беру, жетілдіру кафедрасы қызмет жасайды. Медициналық инистуттарда курс және кафедралары бар.

- Нейрохирургия мамандары қайдан оқып жетіледі? Шетелден оқи ма, әлде елімізде дайындала ма?

- Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінен келе жатқан Алматыдағы Дәрігерлер білімін жетілдіру институты деген болған. Сондағы арнайы кафедрадан нейрохирург мамандардың бәрін дайындап келді. Қазір Ұлттық нейрохирургиялық орталық ашылғаннан кейін мамандарды осында дайындауға тырысудамыз. Жас талапкер болашақта нейрохирург боламын десе медициналық институтты оқып бітірген соң, интернатурадан өту керек, содан кейін біздің Орталықтан, иә басқа бөлімшелерден барып резидентурасын тамамдайды.

- Алматыдағы Дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында кафедра болып, сондай-ақ, клиникалық ауруханалардың бір бөлімі дәрежесінде жүрген нейрохирургия саласы осындай жеке Ұлттық деңгейдегі ғылыми орталық етіп құру кімнің идеясы? Жалпы осы нейрохирургияны орталық етіп құрмай-ақ, өзінше дамытуға болмай ма?

- Бұндай орталық ашу біздің әуелден ойымыздағы үлкен арманымыз болған. Осыдан 15 жыл бұрын берген бір сұхбатымда «Менің арманым нейрохирургиялық орталық ашылса екен» деппін. Кейін осы мақсатымызды іске асыру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне, Үкіметке, Елбасына да хат жаздық. Содан біздің деңгейіміздің өскеніне көзі жеткеннен кейін, Елбасының өзі көңіл бөліп, Ұлттық нейрохирургиялық орталық құрылады дегенде, қуанышымызда шек болмады. Міне соның арқасында дүниежүзіндегі ең озық 40-тан астам жаңа технологияны орталығымызда қолданысқа енгіздік. Сосын елімізден жаппай шетелден ем алатын аурулар бар еді. Бұл - қан тамырларының аурулары, эндоскопиялық операциялар, мидың ісіктері дегендер. Олардың 100 пайызы шетелге кетіп жататын. Соның бәрін біз тоқтаттық. Нейрохирургияда операциялардың қай түрін болмасын, осында жасап жатырмыз.

- Отандастарымыз шетелге барып емделетін жағдайда квота алу мәселесі ылғида уақыты созылып, күрделі болып жатады. Сіздерге емделуге келетін науқастарға квотаның бөлінуі қалай?

- Квота мәселесіне келсек, Қазақстанның ішінде де квота бар. Квота тек шетелден емделушілерге ғана қаратылмаған. Бізден ел ішіндегі емделушілер орталығымызға квотамен келеді. Бірақ, нейрохирургияда басқа салаларға қарағанда квота алу жеңілдеу. Себебі, біз республика бойынша бір орталықпыз, аймақтағы бөлімшелердің барлығы бізбен тікелей байланыста. Бүгін облыста диагнозын қойып, ертеңінде Ұлттық нейрохирургиялық орталыққа келе алады.

- Нейрохирургия бойынша шетелден бізге келіп емделетіндер бар деп естиміз...

- Өткен жылы 80-ге жуық шетел азаматы келіп емделіп кетті. Олар негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары. Арасында еуропалық елдерден келгендер де бар. Олар Қазақстанда тұрып, қызмет етіп жүрген, біздегі медицина саласының жетістіктерімен етене таныс, яғни, біздің медицинаға деген сенімі бар азаматтар. Ал, Грузия мен Тәжікстан елдерінен арнайы келіп емделуде.

2014 жылғы Астанадағы конгресс кезінде бірнеше елдің дәрігерлерімен ортақ меморандумға қол қойдық. Олар бір-біріне науқастарын жіберіп, емдете алатын болып келісті. Арасында, әрине, біздің орталық та бар. Өйткені, өзге елдер өкілдері біздің науқастарға қандай көмек көрсете алатынымызды білді.

Алдағы уақытта шет елдерден келіп, біздің орталықта емделетін азаматтардың саны арта түсуі мүмкін. Жалпы, оны медициналық туризм деп атайды. Үлкен медициналық туризмге әлі ертерек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі уақытта алға қойған мақсатымыз - отандастарымызды шетелге жібермей, осында емдеу. Содан кейін бұрынғы ТМД елдерінің кейбіріндегі аппараттар бізге қарағанда деңгейі төмендеу, соларға қол ұшын созу. Солардың ішінде шетелде тұратын қандас бауырларымыз да бар. Бұның бәрін алдағы уақыт көрсетеді деп ойлаймын.

- Ғылым тілінде эпилепсия аталатын ауруды қазақтар «талма», «ұстамалы дерт» деп түрлі нұсқада атайды. Ресми деректер бойынша, елімізде 50 мыңнан аса адам осы дертке шалдыққан болса, оның 60 пайызыға жуығы балалар екен. Ал, кез келген невролог маманмен сөйлессек бұл санның одан көп болуы мүмкін екенін алға тартады. Соңғы жылдары эпилепсияға жасалып жатқан оталар мен емдердің нәтижесі қандай?

- Эпилепсия, шынында да, күрделі аурулардың бірі. Қазіргі уақытта аталмыш аурудың түрлері көп. Оның хирургиялық тәсілдермен және дәрімен емдейтіні бар.

Науқас бастапқы белгілері біліне бастағанда-ақ ем қабылдайтын болса, тез нәтиже береді. Кей адамдарда жасыратын жағдайлар кездесіп жатады.

Біз осы орталықта балалар эпилепсиясын хирургиялық тәсілмен емдеуді дамытуға тырыстық. Оларды әке-шешесі ертерек әкелген жағдайда, диагнозын жылдам тауып, емін де нәтижелі жасауға болады. Кез келген ауруды асқынбай емдегендіктен нәтижесі көрнекті болады емес пе? Осы жерден 100-ге жуық адамды тексердік. Солардың біразына операция жасадық. Бұл күнде біз эпилепсияны емдеу ісін дамытуды да қолға алып үлкен жұмыс жүргізудеміз.

- Трансплантологияға байланысты көптеген науқастар шетел асуға мәжбүр болып жатады...

- Трансплантология көбінесе бүйрек, жүрек, бауыр, өкпе сияқты ішкі ағзаларға байланысты болып жатады ғой. Сондықтан трансплантологияның нейрохирургияға қатысы жоқ, ол жағын өзіңіз де білерсіз. Отандық трансплантология жөнінен айтар болсақ, медицинада шекара жоқ, дүниежүзінен бөлініп кете алмаймыз. Әлемде болып жатқан жетістіктерді пайдалана білуіміз керек.

Трансплантология деген адам өмірін сақтап қалу үшін жасалады. Бүгінге дейін шетелге емделуге жіберетін науқастардың дені осы трансплантология үшін кетеді. Бұл өмірі қыл үстінде тұрған науқас үшін ауыр болуы мүмкін. Және де, оған мемлекет қазынасынан көп қаржы кетеді. Сондықтан, осы саланы көтереміз, трансплантологияны елімізде өркендетеміз деп, тер төгіп жүрген дәрігерлер көп.

Әлемде күнделікті өзгерістер болып жатыр. Жаһандық медицинада диагнозды анықтау мен ауруды емдеудің неше түрлі жаңа тәсілдері жарыққа шығуда. Бірақ олардың бәріне бас ұрып, жақсы екен дей беруге болмайды. Жаңа шыққандардың қандай екенін уақыт өзі екшеп көрсетеді. Ал енді нейрохирургияда радиохирургия деген тәсіл бар. Онымен миға ота жасамай-ақ, кішкентай ісікті алып тастауға болады. Радиохирургия қазіргі уақытта керек болғанымен, Қазақстанға әлі енгізілген жоқ. Соның аспабын алсақ па деп отырмыз. Бұл жоспарымыз, арманымыз келесі жылы орындалады деп үміттенемін.

- Ұлттық нейрохирургия орталығының ақылы бөлімінен кімдер емделеді?

- Ақылы емделетіндер, көбінесе, денсаулығы сақтандырылған азаматтар. Оның ақшасын әртүрлі сақтандыру компаниялары төлейді. Кей жағдайда жұмыс жағынан төленуі мүмкін. Осында жатып емделгісі келетін адамдар бар. Біз ондай төлеулерге қарсы емеспіз. Бірақ, біз өте ауыр, бағасы қымбатқа түсетін, жаңа технологиямен емделетін науқастарды тегін емдеуге тырысамыз.

- Ұлттық нейрохирургиялық орталық соңғы үлгідегі озық аспаптарды қай елдерден алады?

- Америкада көп шығарылады. Біздің Ұлттық нейрохирургиялық орталықта Швеция­дан, Жапониядан, Германиядан, Түркиядан шыққан аспаптар бар. Жалпы, Еуропаның әр елінен әкелінеді.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бейсен Сұлтан

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар