23 қаңтар күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Гонконгтағы (ҚХР) ҚР-дың Бас консулдығының қолдауымен Вице-президент Ангелина Юйен бастаған Гонконг Политехникалық Университетінің бір топ өкілдерімен кездесу өтті. Делегаттар құрамында инженерлік факультет деканының орынбасары, профессор Ксяоли Динг және материалтану кафедрасының меңгерушісі, профессор Хау-Чжунг Мэн болды.
Гонконг Политехникалық Университетінің негізі 1937 жылы қаланған. Бүгінде ол QS World Unuversities Ranking рейтингісінде 162-ші сатыдан көрінген Гонконгтың ең ірі университеттерінің бірі болып саналады. Факультет базасында 40-тан астам ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді.
Гонконг Политехникалық Университетінің өкілдерін Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының филиалында қарсы алды. Филиал директоры Максим Здоровец бүгінде білім мен ғылымның ықпалдастығы, нақты экономикада алдыңғы қатарлы технологияларды алға жылжытудың табысты дәлелі ретінде кешеннің ғылыми-зерттеу қызметі жайлы айтты.
Сонымен қатар ол Елбасы айтқандай, кластерлердің бірі осы жерде құрылғандығын тілге тиек етті: жоғары технологиялық жабдықтар – жас мамандар – ғылыми жобалар – тәжірибелік-құрылымдаулық зерттемелер – ғылыми зерттеулер нәтижесін коммерцияландыру – бизнес.
Ядролық физика институты филиалына экскурсия жасағаннан кейін келген қонақтар Л.Н. Гумилевтің мұражай-кабинетінде білім ордамыздың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы мен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Гүлнәр Абитова және факультет декандарымен жүздесіп, ынтымақтастық мәселелері туралы келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру үшін қадам басу, сондай-ақ, Гонконг Политехникалық Университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандум мен келісімдерге қол қою мәселелері қарастырылды.
Дереккөзі: enu.kz