Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 2014 жылғы стратегиялық жоспары толықтай орындалды
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов білім мен ғылымды дамытудағы маңызды бағыттары жайында журналистерге мәлім етті. Өз кезегінде сала басшысы білім беруді дамыту мембағдарламасының өткен жылы стратегиялық жоспары толығымен орындалғанын алға тартты.
– Өткен жылы ғылым және білім саласында жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының өткен жылға арналған стратегиялық жоспарының индикаторлары мен көрсеткіштері толығымен орындалды, – деді ол. Министрдің айтуынша, мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы балалардың саны жоспардан асып, 80 пайыздан артты. Жалпы орта білім беру мазмұны жаңартылып, бастауыш және орта мектептің стандарттары жасалды. 16 мыңнан астам мұғалім деңгейлік курстан өтті. «Жаңа салынған 123 мектеп 3 ауысымды және апатты мектептердің санын азайтты. 2015 жылы қосымша жаңа 109 мектеп салынатын болады», - деді А.Сәрінжіпов.
Білім министрлігі ағымдағы жылы да Бас прокуратурамен бірге жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстарын жалғастырады. «ЖОО-лар мен колледждер желісін оңтайландыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады. 2014 жылы 5 жоғары оқу орны жабылды. 8 оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Үш жоғары оқу орын бойынша материалдар сотта жатыр. Ағымдағы жылы да Бас прокуратурамен жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстары жалғасатын болады», – деді министр. А.Сәрінжіповтың атап өтуінше, жоғары білім беру жүйесінде білім, ғылым және өндірісті интеграциялау бағытындағы шаралар жүзеге асырылуда.
– Атап айтқанда, төрт жетекші ЖОО Ғылыми зерттеу институттарымен, олардың өндірістік базалары мен тәжірибелік шаруашылықтарымен ықпалдастырылатын болады. Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Парасат» холдингінің Жер, металлургия және байыту туралы ғылым орталығы, Геологиялық ғылым институты сынды ғылыми сегіз институтпен біріктіріледі, – деді ол.
Өз қаржысымен шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың жауапкершілігі Елшілік мойнында екенін министр мәлім етті.
– Қазіргі уақытта шетелде білім алып жатқан балалардың саны отыз мыңнан асып жығылады. Олардың ішінде үш мыңы «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алуда. Бізде бес мемлекетте, оның ішінде Қытайда да «Болашақтың» өкілдігі бар. Аталған елдерде білім алып жатқан «Болашақ» студенттерінде мәселе туындайтын болса, онда сол өкілдеріміз шешеді. Ал өз қаржысымен оқитын студенттер жауапкершілігі сол жердегі Елшілікке тиесілі, – деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сондай-ақ, сала басшысы алқалы басқосуда жоғары сыныпқа арналған оқу материалдарының мазмұны жаңартылатынын жеткізді.
– Сыртқы факторларды ескере отырып, бізге 12 жылдық білім беруге көшуді кешеуілдетуді ұсынған еді. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты әрі айқын міндет жүктеді: сыртқы факторлар әсері мен бюджеттің оңтайландырылуына қарамастан білім беруді жаңғырту бағдарламасын жалғастыру қажет. Біз өзіміздің орта білім беру жүйеміздің әлемдік стандарттарға сай болуына ұмтылуымыз керек, – деді министр. Оның айтуынша, министрлік дайындық сыныптарын ескере отырып, 12 жылдық білім беру жүйесін ұсынып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда 6 жасқа толған балалардың шамамен 95 пайызы дайындық сыныптарына баруда. Сондықтан да білім беру бағдарламасының мазмұны аталған жайтты ескере отырып жаңғыртылатын болады. «Осылайша біз қазіргі уақытта жаңа стандарттармен, жаңа оқу бағдарламаларымен жұмыс істеудеміз. Жыл соңына дейін ол жұмыстар жалғасатын болады. Оқушыларға қажетті дағдыны біз бастауыш және негізгі мектеп аясында беретін боламыз. Ал екі жоғары сынып үшін оқу материалдарының мазмұны жаңартылады және академиялық дағды ұсыну арқылы бейінді оқытуға бағытталады», – деді ол.
Биыл дуальді білім беретін колледжер саны 370-ке жеткізілмекші.
– Өндіріс талаптарына жауап беретін жұмысшы және техникалық кадрларды даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 3200 кәсіпорынды тарта отырып, 280 колледжде дуальді білім беру элементтері енгізілді. Ағымдағы жылы мұндай колледждердің санын 370-ке жеткізу жоспарлануда, – деді министр. Ал «Кәсіпқор» холдингі басқармасының төрайымы Елдана Сәдуақасованың айтуынша, аталған бағыт аясында әлеуетті жұмыс берушілер колледж студенттері үшін тәжірибелік сағат аясында 280 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынған.
Дереккөзі: inform.kz