Әлемдегі ғылым

Көк жарық диодты жасаушылардың бірі қайтыс болды

04.03.2021

4292

Жапон елінің ғалымы Исаму Акасаки өмірінің 93-ші жылында қайтыс болды деп хабарлайды NHK. Басылым ақпаратына сүйенсек, Акасаки өткен жылдың аяғынан бастап ауыр сырқатпен ауырған, оған өкпе қабынуы себеп болған.

Исаму Акасаки бір топ әріптестерімен бірге 2014 жылы– көк жарық диодтарын құрғаны үшін физика саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген. Ғалым баспасөз мәслихатына берген сұқбатында ғылыми қауымдастықта ұзақ уақыт бойы көк жарық диодтарын табу мүмкін емес деген түсініктің болғанын жеткізген. Тіпті өзімен осы салада жұмыс істей бастаған көптеген әріптестері жобаның сәттілігіне деген сенімін жоғалтқан көрінеді. Дегенмен, ғылыми топ бұл мәселенің шешімін тапқан екен.

Менделеев кестесінің II және IV топтарының элементтері, сондай-ақ III топ элементтерінің нитридтері көгілдір жарық диоды үшін қажет қасиеттерге ие, сондықтан ғалымдар тәжірибені солардан бастады. Алғашқы тәжірибелер құрамында кремний карбидінің (SiC) кристалдары бар жарық диодтарының сәулеленуінің тиімсіз, кванттық өнімділігінің, яғни электрондар мен саңылаулар жұбының рекомбинациясы нәтижесінде пайда болған фотондар санының аз екенін көрсеткен.

Мырыш селенидімен (ZnSe) жасалған құрылғылар тез қызып кететін болғандықтан, ұзаққа жарамай қалған. 1970 жылдары физиктер нитридтерді аралық қабаттың материалы ретінде қолдануға тырысты. Осы сияқты тиімді жарық диодтарын алу мүмкіндігі туралы 1960 жылдары Ленинград зерттеушілері Жорес Алферов зертханасынан хабарлаған болатын.

Көк жарық диодтары – жаңа экологиялық таза жарық көзі деп отыр ғалымдар. Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры планетаның болашағына алаңдау белгісі ретінде жарық пен тұрмыстық электр құрылғыларын бір сағатқа сөндіруге үнемі шақырады.




«« | »»
Соңғы жаңалықтар