Әлемдегі ғылым

ҚазҰУ-дың наноспутниктері сынақтан өтуде

03.10.2022

1182

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жақында Қазақстан-UNICEF-пен бірлескен UniSat білім беру хабының ашылуына орай Түркістанда өзінің заманауи екі наноспутнигін ұшырып, сынақтан өткізді.

UniSat-тың мақсаты наноспутниктерді әзірлеу саласындағы командалық жұмысты, креативті идеяларды жетілдіру, сондай-ақ осы салаға қызығушылық танытқан қыздардың біліктілігін арттыру болып табылады. Қазірдің өзінде ҚазҰУ ғалымдарының жетекшілік етуімен қыздар наноспутниктер жинаған деректерді өңдеуді, оларды визуациялауды үйренген.

ҚазҰУ инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры – жоба үйлестірушісі Әмірхан Темірбаевтың түсіндіруінше, UniSat спутниктерінің салмағы 1-ден 10 келіге дейін болатын, бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған шағын ғарыш аппараттары. Бұл спутниктердің көмегімен ауаның температурасын, қысымын және ылғалдығылығын білуге болады. Мысалы, Түркістан қаласының ауа құрамының микробөлшектер бойынша көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіштерден жоғары емес екені анықталды. Яғни, PM2.5 сенсорының көрсеткіші 5-тен 20 мкг/м3-ке дейін, ал PM10 сәйкесінше 10-нан 40 мкг/м3-ке дейінгі аралықта болды. Бұл орташа тәуліктік нормадан аспайды.

Бұдан бөлек ғалымдар Түркістанның физикадан сабақ беретін ұстаздарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша мастер-класс өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Al-Farabi-1 және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырғаны туралы жазған болатынбыз.

Ғалымдар қолға алған жобаларын жобаны жетілдіре отырып, болашақта UniSat спутнигін ғарышқа ұшыруды жоспарлауда. Оған мүмкіндік те жоқ емес. ҚазҰУ-дың инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінде ғарыш технологиялары, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ наноспутниктерді әзірлеу саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зерттеу жабдығы да бар.

Материал https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/28946/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар