Әлемдегі ғылым

Ғалымдар күзгі егіске тұқым дайындауда

19.09.2022

1396

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары үшін көктемнен бастап күз мезгіліне дейінгі уақыт нағыз науқан кезі. Ғалымдар кабинетте емес, көбіне егістік басында жүреді.

Дәл қазір егін орудан кейінгі маңызды шаруаның бірі – тұқым тазалау жұмысы басталып кеткен. Яғни жиналып алынған тұқымды сабан, масақ, сабақ, дән қауызы сияқты қоспалардан тазартып, зерттейді.

Тұқымдық массадағы барлық қоспаларды қоқыс пен дәнге бөлуге болады. Қоқысқа арамшөптердің тұқымдары, минералды және органикалық текті әртүрлі бөлшектер жатады. Сондай-ақ, бұл топқа қаракүйе немесе басқа аурулармен ауырған дәндерді қосуға болады. Дәнді қоспаларға негізгі дақылдың зақымдалған дәндері (соның ішінде дамымаған, өнген және түсі әртүрлі), сонымен қатар басқа дәнді дақылдардың тұқымы жатады.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұқымды тазартуға және оны фракцияларға бөлуге арналған әртүрлі әдістер бар. Олардың әрқайсысы қажетті тұқым материалын өндіруге байланысты қолданылады. Тазартылған тұқым массасын алуға көмектесетін көп сатылы процестер негізгі дақылдың дәндері мен қоспа бөлшектерінің физикалық-химиялық қасиеттерінің айырмашылығына байланысты екен.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тұқым тазалауда ресейлік бұрынғы СМ-0,15 (1985), ВИМ-1 Селекция (2010) машиналарын қолданады. Бұдан бөлек, сепаратор САД-4, СМ-4,5, Фотосепаратор ТАЙХО машиналары бар. Бұл машиналар селекцияның соңғы сатысында тұрған дәнді дақылдар сорттарының тұқымдарының шағын партияларын тазалауға арналған. Дегенмен, ғалымдар қазіргі заманғы тұқым тазартатын машиналар кешенінің қолжетімсіздігі жоғары сапалы тұқым алуға мүмкіндік бермейтінін айтады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар