Жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына бұрынғы Білім және ғылым министрлігінен 99 қызметкер ауысты. ҚР Премьер-министрінің, Экономика министрлігінің қолдауымен 310 штаттық бірліктер алынбақшы. Бұл туралы және басқа да мәселелер туралы Саясат Нұрбек ҚР Президенті Телерадиокешенінің «3 сұрақ» бағдарламасына берген сұқбатында айтып өтті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
– Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстандағы жаңа министрліктің жаңа басшысы ретінде тағайындалып жатырсыз, сондықтан сізге артылатын жауапкершілік жоғары. Жүйелі проблемалар жиналып қалды. Ғылымның қазіргі мәртебесі, ғалымның қоғамдағы орны, дәрежесі, өкінішке қарай, мүлдем түсіп кетті. Ғалымның қоғамдағы рөлін көтеруге баса назар аударыңыз деп, бірқатар тапсырмаларын берді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта кадрлар даярлау мәселесінің Жаңа Қазақстанның негізгі фундаменті, маңызды бағыттардың бірі екенін баса айтты.
Министр өзіне артылған міндеттердің ауыр екенін, яғни жаңа реформалық жүйелерді бастаудың маңыздылығын алға тартып, қазірдің өзінде жұмыстардың басталып кеткенін жеткізді.
Жаңа басшы еліміздегі ғылымның, ғылыми зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының экономикамыздың дамуында, еліміздің өндірістік орындарындағы үлесінің төмендігін айтады. Жалпы кадрларды даярлау моделі еңбек нарығының талаптарымен ұштастырылмаған. Ғылым өз бетімен, өндіріс пен экономика өз бетімен келе жатыр, дейді Саясат Нұрбек. Министр отандық ғыылымға деген сенімді қайтару қажеттігін тілге тиек етті.
Жоғары оқу орындары қолданбалы ғылыммен айналысатын модельге көшуі керектігін алға тартты. Министрдің түсіндіруінше, алты өңірлік негізгі университеттер негізінде технопарктер ашылмақшы.
Материал https://www.facebook.com/gylym.jogarybilim/videos/425685042946552 деректері бойынша дайындалды.