Әлемдегі ғылым

Отандық мамандар ұсынған витилигоны емдеудің жаңа әдісі

27.06.2022

1689

Қазіргі таңда «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» тері ауруларын емдеу әдістерін кеңінен қолдануда. Мысалы, витилиго ауруын емдеудің «тар жолақты фототерапия» деп аталатын инновациялық әдісін отандық мамандар жақында Тараз қаласында өткен XII ғылыми-тәжірибелік форумда ұсынған болатын. Бұл туралы www.inform.kz жазды.

Витилиго – көптеген қате түсініктер мен стереотиптермен қоршалған емделмейтін созылмалы тері ауруы. Витилиго немесе қазақша ақтаңдақпен ауырған адамда терінің белгілі бөліктері ағарып кетеді. Ғалымдар әлі күнге дейін бұл аурудың пайда болу себебін зерттеуде. Тәжірибе барысында бірнеше анықтамалар берілген. Біреуінде витилиго күйзелістен болады делінсе, екіншісінде тұқым қуалайтын ауру деп болжанған.

Жоғарыда аталған ғылыми орталықтың мамандары Витилиго және тері денсаулығы орталығының дәрігерлерімен бірге эпидермис жасушаларының трансплантациясы арқылы витилигомен ауыратын науқастарды емдеуде Орталық Азияда көшбасшы болып табылады. Осы озық әдістердің арқасында соңғы бес жылда Қазақстанда витилиго ауруы 1,2 есеге дерлік төмендеген екен.

Қазақстанда ресми түрде тіркелген дерматозбен ауыратындар арасында дерматофитоз, атопиялық дерматит, псориаз, экзема, витилиго, қышыма, қыналар, ихтиоздар көш бастап тұр. Соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан тері ауруларының пайда болу сипатын анықтауға байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері форумға қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызған.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар