Әлемдегі ғылым

Алматыдағы табиғи флораның тұқым қоры – ТМД аумағындағы жалғыз қор

05.06.2022

1698

Биыл Алматы ботаникалық бағына 90 жыл толады. 1932 жылы ашылған бұл әдемі бақ 1967 жылға дейін КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының республикалық ботаникалық бағы деп аталды.1995 жылдан бастап ботаника және фитоинтродукция институтының құрамына енді.

Бұл жердегі Тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау зертханасы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 2013 жылы ашылып, қазіргі таңда ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді коллекциялық тұқымдар сақталуда.

Тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау зертханасының меңгерушісі Таңсара Мурзатаеваның айтуынша, ұзақ мерзімді коллекциялық тұқымдар тоңазытқышта -18⁰С температурада, қысқа мерзімді коллекциялары 0⁰ С-тан +4⁰С-қа дейінгі температурада сақталады.

Былтырғы жылдан бастап коллекция табиғи флора топтамасына және интродукцияланған түрлер коллекциясына бөлініп қарастырылады. Интродукцияланған түрлерге ботаникалық бақ аумағында және жалпы Қазақстан жерінде өсетін ағаштар және өсімдіктер жатады.

Мамандар арнайы экспедицияға шығып, маусым айынан бастап қараша айына дейін өсімдіктер тұқымын жинайды. Тұқымдарды алғаннан кейін оларға белгілі бір нөмір беріледі. Олар тазартылып, кептіріліп, қажет болса, мұздатылады. Тұқым түрлері өсімталдығы бойынша, салмағы мен ұқсастығы жағынан тексеріледі. Өсіру сынағынан кейін тұқым әйнек ыдыста қоймада сақталады. Бүгінгі күні тұқым қорында 4438 үлгі және 970 түр бар.

Қазақстанда барлығы 6000-нан астам өсімдік түрі бар. Демек, еліміз өсімдік түріне бай деген сөз. Оның ішінде жемдік, азық-түліктік, техникалық және дәрілік құнды өсімдіктер бар. Тұқым жинап, оны ғылыми зерттеу жұмыстарымен Қазақстанның барлық ботаникалық бақтары айналысады. Табиғи флораның тұқым қоры біздің елімізде ғана емес, ТМД аумағындағы жалғыз қор болып табылады. Басқа елдерде олар өсімдік қорларымен біріктірілген.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар