Әлемдегі ғылым

Гидрогеолог ғалым Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне мемориалды тақта орнатылды

04.04.2022

1943


Алматыда көрнекті гидрогеолог ғалым Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Ол – гидрогеохимия ғылымының негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы. Қатарластарымен бірге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер.

Ғалымға мемориалды тақта 70 жылға жуық жұмыс істеген У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының қабырғасына орнатылды.

Бұл іс-шараға ҚР Парламенті Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Сенатының мүшесі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаевтар қатысты.

Жүрімбек Сыдықовтың отандық ғылымға қосқан үлесі оразан зор. Ол мектеп бітірген соң, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскерге шақырылған. 1944 жылы алған жарақатына байланысты елге оралып, Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдары институтында ғылыми қызметтер атқара жүріп, өзінің докторлық диссертациясын қорғайды.

Жүрімбек Сыдықұлы көп жылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аймақтарында жер асты суларын іздеп, барлау, табиғи және қолданылуға жарамды қорларын анықтау, көп мөлшерлі жер асты тұщы және минералды сулар қорларын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысқан. Сонымен қатар гидрогеологиялық карталарды жасау, тың жерлерді, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, қатынас жолдары орындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, әр аймақтың жер асты суларының экономиялық дамуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға тигізетін әсерін, ресурстарын қорғау бағытындағы зерттеу жұмыстарын басқарды. Арал және Каспий теңіздері алаптарындағы жер асты ағынының шаруашылықты игеруге байланысты өзгеруін болжау теориясы мен әдістерін негіздеді.

Ғалым 35 монографияның, өз саласы бойынша 720 жұмыстың авторы. Бұдан бөлек, 124 есеп және карталары тағы бар.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар