Әлемдегі ғылым

Ғалымдар зертхана жағдайында фуллерен алу технологиясын жетілдірді

24.03.2022

2479

Техника ғылымдарының кандидаты, PhD Данияр Исмаиловтың жетекшілік етуімен ғалымдар «Қолдану ауқымы кең көміртекті наноқұрылымды материалдар өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүргізуде.

Жобаның мақсаты – сапалы өнім жасауға арналған көміртекті наноқұрылымдардың (фуллерендердің) шығыны аз өндірісін іске қосу. Осы жерде фуллерендер дегеніміз, көміртекті наноөлшемді молекулалық түзілімдер деп, түсіндіреді ғалым. Олардың жалпы Сn формуласы бар. Мұнда ерекше физикалық-химиялық қасиетке ие n көбіне 60 немесе 70 мәндерін қабылдайды екен.

Данияр Исмаилов фуллерен – қазіргі алғы шепте тұрған барлық салаға қолдануға қажетті және ғылыми қоғамдастықта үлкен қызығушылық тудыратын жаңа материалдар екенін алға тартады. Мысалы, мұнай-газ, металлургия, тау-кен өндірістері, фармацевтика тағы басқа салаларда кеңінен қолданылады. Неге десеңіз, фуллерендер көміртекті наноматериалдарға жатады. Бұл қазіргі кезде белгілі көміртектің үшінші тұрақты молекулалық құрылымы әрі көміртектің алмас пен графиттен кейінгі үшінші тұрақты молекулалық формасы ретінде белгілі.

Жобаны қолға алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің ғалымдары наноматериал қосылған өнімнің құрамы байып, сапасы артады деп отыр. Мысалы, жай ғана цементке наноматериалды қосатын болсақ, ол жауын-шашынға төтеп бере алады екен. Яғни, үгіліп кетпейді. Сол сияқты аккумуляторлық батареялар, тоқ жинағыштар өндірісінде қолданылса, сапасын арттырады. Наноматериалдардың құрамы тығыз әрі берік болады. Сол себепті құрамында наноматериал бар заттар ұзақ уақыт қызмет ететін көрінеді. Жобаның ерекшелігі осында.
Ғалымдар зертхана жағдайында фуллерендерді алу технологиясын жетілдіріп, шикізат өнімін алған. Ол нарыққа ұсынылған. Ішкі нарық оны толық пайдалануға дайын болмағандықтан, әзірге импортқа шығару тиімдірек дейді мамандар.

Данияр Исмаилов,
Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана маманы:
– Фуллереннің пішіні футбол добы секілді. Оның қырларында көміртегі атомы орналасады. Фуллереннің түрлері көп: С60, С70, С80, С90. Мұндағы цифрлар фуллерендегі қырлардың санын көрсетеді. Бұл материалдың қолдану аясы да кең. Мәселен, көміртекті нанотүтікшелер жайлы естіген боларсыз. Міне, сол түтікшелер көміртектің бастапқы өнімі – графеннен жасалады.
Көміртек – бұл алтыбұрышты кристалды тор түзетін атомдардан тұрады. Ал графен – қалыңдығы бір ғана атом болатын осы тектес тордың бір қабаты. Демек, оның алғашқы ерекше қасиеті – ең жұқа материал болуында. Графен қағаз парағымен салыстырғанда 300 мың есе жұқа. Соған қарамастан, бұл ең берік материалдардың бірі. Өйткені көміртек атомдарының арасындағы байланыс берік. Енді сол атомдарды доп тәріздес шар формасына келтіргенде фуллерен шығады.


Материал https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/27814/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар