
Профессор Қ. Досумовтың жетекшілік етуімен Жану проблемалары институтының мамандары көмірқышқыл газы (СО2) және метан (CH4) сияқты негізгі парниктік газдарды сутегі қоспасына айналдыратын жаңа нанокатализатор жасап шығарды. Ғалымдар CH4-тен Н2-ге айналдыру тиімділігі белгілі катализаторларға қарағанда жоғары болғандықтан, бұл нанокатализатор қалдықтарды энергияға айналдыру технологияларын дамытуға септігін тигізеді деп сенім білдіреді.
Парниктік газдарды кәдеге жарату қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады. Жаңа технологиялардың арқасында көмірқышқыл газы шығарындыларының теңгерімін сақтау және оны пайдалы өнімдерге, яғни құрамында сутегі бар газдарға айналдыру мүмкіндіктері ашылады. Көмірқышқыл газы мен метанды каталитикалық жүйелерді қолдану арқылы сутегі мен көміртегі тотығы қоспасына өңдеу болашақта метанол, құрамында күкірт және азот қосылыстары жоқ отын көмірсутектері сияқты экологиялық таза мұнай-химия өнімдерін алуға мүмкіндік береді.
Тасымалдаушы сорбенттерді, катализаторларды және парниктік газдарды – метан мен көмірқышқыл газын кәдеге жарату технологияларын әзірлеу жобасына Грузия техникалық университетінің және Жану проблемалары институтының ғалымдары қатысқан.
Осы жылы «Көмірқышқыл газын концентрациялау және метанизациялау үшін сорбенттер жасау» тақырыбы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім беру жоспарлануда, дейді жоба жетекшісі.
Ұсынылған жоба парниктік газдарды (метан және көмірқышқыл газын) каталитикалық әдістермен өнеркәсіптік маңызды өнім – синтез газына айналдыруға бағытталған. Синтез газы металлургиялық процестердегі тотықсыздандырғыш, экологиялық таза отын немесе газ турбиналары, сонымен қатар химия өнеркәсібін дамытуға қажетті Фишер-Тропш синтезінің негізгі шикізаты болып табылады. Сондықтан ол өндірушілер үшін экономикалық және өнеркәсіптік қызығушылық тудырады.
Парниктік газдарды (CO2 және CH4) кәдеге жарату және бағалы түпкілікті өнім ретінде синтездік газды өндіру үшін белгіленген селективті қасиеттері бар сорбент тасымалдаушылары мен каталитикалық жүйелерді жасау жобаның басты мақсаты болып отыр.
Алынған нәтижелер мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химиялық синтез, металлургия және т.б. үшін практикалық жағынан маңызды болмақ. Жоба барысында әзірленген парниктік газдарды (СО2 және СН4) синтездік газға айналдырудың каталитикалық жүйелері мен технологиялық режимдері процестің негізі болып табылады. Ұсынылып отырған «Сорбенттер-тасығыштарды, катализаторларды және метан мен көмірқышқыл газдарын кәдеге жарату технологиясын әзірлеу» жобасы метанды отын ретінде қолданатын және оның жануы кезінде көмірқышқыл газы түзілетін Қазақстандағы жылу электр станцияларының бірінде іс жүзінде жүзеге асырылуы мүмкін деп болжануда.