Каспий итбалығы трансшекаралық түрге жатады. Сондықтан халықаралық сарапшылардың қатысуымен Каспий маңы елдерінің мамандары жүргізетін оның жай-күйін зерттеу және оның санына талдау жүргізу, объективті бағалау жұмыстары бірге атқарылуы тиіс.
Сол себепті жақында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Теңізшевройл» ЖШС бастамасымен Каспий итбалықтарын сақтап қалу (Pusa Caspica) мәселелеріне байланысты Халықаралық екінші вебинар болып өтті. Оған Ресей, Жапония, Нидерланды, Ұлыбритания, Иран, Түркіменстаннан 40-тан аса ғалымдар мен мамандар қатысып, баяндама жасады.
Кейбір деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың басында Каспий теңізін 1 миллионға жуық итбалық мекендеген. Бірақ, Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының 2019 жылғы мәліметінше, әлемде 43-66 мың ғана Каспий итбалығы қалған. ХХ ғасырдың басынан 2012 жыл аралығында жануар популяциясы 77,5 пайызға қысқарған.
2008 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағы Каспий итбалығының жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын алға тартып, Қызыл кітапқа енгізді. Көрші мемлекеттер Әзірбайжанда бұл жануар 2007 жылы, Түркіменстанда 2011 жылы, Ресейде 2020 жылы Қызыл кітапқа енді. Иранда итбалық аулауға тыйым салынған. Иранда тіпті жараланған немесе ауырған итбалықтарды емдеп, теңізге жіберетін арнайы сауықтыру орталықтары жұмыс істейді екен.
Біздің жерімізде 2006 жылдан бері итбалық аулауға тыйым салынды. Дегенмен, бұл сүтқоректі жануарға броконьерлік шабуылдар азаяр емес. Бұған қоса Каспий теңізінің ластануы да итбалықтардың азайып кетуіне себеп болып отыр.