Қазақстанның өсімдіктер әлеміне өмірін арнаған ғалым әсіресе, қызғалдақты жіті зерттеген. Көктем нышаны саналатын қызғалдақтың қыр-сырын биология ғылымдарының кандидаты Анна Иващенкодан артық ешкім білмес.
Ғалымның айтуынша, дәл осы қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Бұл өсімдік 10-20 миллион жылдар бұрын елімізде және орта Азия аймақтарында пайда болған. Кейін ол шығысқа қарай бет алып, батыстан бірақ шыққан.
– Голландия қызғалдағы қолдан, яғни адам әрекетімен пайда болған. Ол жақта бірде бір жабайы қызғалдақ өспейді. Менің осы туралы талмай айтып келе жатқаныма, міне, 60 жыл болды. Сонда да мұны ешкім ескермей келеді. Голландтықтар қызғалдақты 500 жыл бұрын ғана өсіре бастады. Оларға бұл гүл Түркиядан жеткен, – дейді Анна Андреевна.
Іле Алатауы ұлттық паркінің ардагері Анна Иващенко Украина елінің тумасы. Харьков университетін бітірген соң арнайы шақыртумен «Ақсу-Жабағылы» қорығына жұмысқа орналасқан. Бұл жерде өсімдіктер флорасын 22 жыл зерттеп, аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен.
Дүние жүзінде бүгінде қызғалдақтың 100-120 түрі бар. Үш мыңнан астам түрі қолдан будандастырылған. Жабайы қызғалдақтардың түрі бойынша Қазақстан әлемдегі ең жоғарғы орында тұр. Елімізде бұл өсімдіктің 40 түрі бар және оның 12-сі Қазақстанның эндемик өсімдіктері болып табылады. Қызыл кітапқа 18 түрі енген. Қызғалдақ сортының 75%-ы әлемде 3 түрі бойынша таралған: Грейг қызғалдағы (Tulipa Greigii), Кауфман қызғалдағы (Tulipa Kaufmanniana), Шренк қызғалдағы (Tulipa schrenkii).
Ғалымның айтуынша, қала маңында өсетін қызғалдақтар адамдардың араласуымен тым азайып кеткен. Себебі, қызғалдақ тұқым арқылы өсетін өсімдік. Тұқымнан өсіп шыққан қызғалдақ кем дегенде 12-15 жылдан кейін ғана гүлдейді. Ботаникалық бақта өсірілетін қызғалдақтар 6-8 жылдан кейін гүлдейді.
Қазір мәдени сорттардың үш мыңнан астам түрі бар. Олар 15 класқа бөлінеді, оның ішінде үш жабайы класс бар. Құрамына біздің Грейг пен Кауфман қызғалдақтары кіреді. Грейг тұқымынан 300 сорт өсірілді. Бұл әлемдік деңгейдегі ассортименттің 10%-н құрайды. Көпшілікке бастау алған тағы бір қызғалдақ – далалық Шренкт түрлері. Ол да Қазақстанда өседі. Бұрын түріктер оны Қырымнан әкеліп, миллиондаған түптер өсірген және Еуропаға бірінші барған да осылар. Қазақстанның Шу-Іле тауларында ғана өсетін Регель қызғалдағы және бар. Ол ыстық жерде жалаңаш тастарда өсетін өсімдік.
Анна Иващенконың 300-ге жуық ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 30 авторлық монографиялар және ұжымдық кітаптар. Ғалым ұзақ жылдар бойы фотограф Олег Беляловпен бірге тау-тасты аралап, қызғалда түрлерін зерттеген екен. Нәтижесінде «Растительный мир Казахстана», «Сокровища растительного мира Казахстана», «Цветковые растения юго-востока Казахстана» сияқты басқа да кітаптары басылып шықты. 2018 жылы қызғалдақ тарихына байланысты деректі фильм де түсірілген болатын.
Айта кету керек, Шолақ тауы бөктерінде өсетін қызғалдақтың бір түріне Анна Иващенконың есімі берілген. Ғалымның айтуынша, зерттеу барысында жапондық ғалымдар: «Кеңестік ғалым-ботаник Зинаида Бочанцева атымен аталатын қызғалдақтың барын білеміз. Анна атымен аталатын қызғалдақ бар ма?», – деп сұраған. Осыдан кейін қасындағы әріптестері Олег Белялов пен Владимир Питет Шолақ тауында өсетін қызғалдаққа Анна есімін берген екен. Ол қызғалдақтың жаңа түрі – жапырағы да ерекше, гүлі де өзгеше.
Дайындаған Толқын Садырова.
Деректер inform.kz сайтынан, Іле-Алатауы Facebook парақшасынан алынды.