Қазақстан ғылымы

Уран өндірісіне қажетті 3D компьютерлік бағдарламалары

25.08.2023

699



Сурет https://inbusiness.kz/kz/news/kazakstandagy-uran-ondirisi-zhajly-ne-bilemiz сайтынан алынды. 

Қазіргі таңда уранға деген сұраныс өте көп. Дүние жүзі бойынша уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни, әлемдік көрсеткіш бойынша уран өндірісінің 40 пайызға жуығы өзімізге тиесілі.  

Сәтбаев Университетінің ғалымдары ұңғымалық деректер бойынша қабаттың ұңғыма аралық литологиясын және оның сүзу қасиеттерін қалпына келтіруге,  қабаттағы гидродинамиканы анықтауға және қабаттағы химиялық және масса алмасу процестерін есептеуге мүмкіндік беретін 3D компьютерлік бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарламалар заманауи әдістермен өндіріске кедей кендерді тарту арқылы ресурстық базаны кеңейтуде және халықаралық нарықта өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде маңызды.  

Мамандардың уранды ұңғымалық жерасты химиялық шаймалау әдісімен өндірудің геологиялық, гидродинамикалық және масса алмасу кезеңдерінің математикалық модельдерін әзірлеудегі және жасаудағы тәжірибесі зор. Деректерге сүйенсек, жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен игеруге жарамды әлемдік барланған уран қорының 65 пайыздан астамы Қазақстан аумағында орналасқан. 
Уран өндіру технологиясының отандық ғалымдар ұсынған имитациялық моделі «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ бөлімшелерінде толық көлемде қолданылуда. Айта кету керек, әлемдік нарықта бұл сияқты бағдарламалық қамтамасыз ету әзірге жоқ деп отыр ғалымдар. Оның үстіне Имитациялық модельді бактериялық сілтісіздендіру әдісімен алтын, мыс және т. б. сияқты басқа металдарды өндіретін кәсіпорындарда да пайдалануға мүмкіндік бар. 

Жүргізілген ғылыми зерттеу барысында кен орнын игеруді жоспарлауға және өндіруді болжауға; өндіру процесін басқаруға және оңтайландыруға; бактерияларды пайдаланбай дәстүрлі сілтісіздендіру арқылы өндіруге тиімсіз кендерді өндіріске тарту жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін математикалық негіздер салынып, бактериялық сілтісіздендіру әдісімен уран өндіру процесінің имитациялық моделі әзірленді.

Жобаның жаңашылдығына келер болсақ, 3D талдау арқылы процестің дамуын болжауға және өндірудің барлық сатыларын бақылауға мүмкіндік беретін Уранды жерасты бактериялық шаймалау әдісімен өндіру технологиясының математикалық және имитациялық (цифрлық) модельдерін әзірлеу көмегімен бактериялық шаймалау технологиясын қолдануға арналған  ғылыми негіз құрылды. 

Ғылыми зерттеу жұмыстарына командамен жұмыс істеуді, құжаттаманы дайындап, пайдалану жолдарын үйрету мақсатында магистратура мен докторантура студенттері де тартылды.  

«« | »»
Соңғы жаңалықтар