Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ғалымдары майда дисперсті минералды түйіршіктелген жүйелер негізінде энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш жабындардың жаңа құрамын жасауда.
Құрылыс саласының дамуы құрылыс материалдарына тиімді және үнемді жаңа тәсілдер мен міндеттерді іздеуді талап етеді. Қазіргі құрылыстық материалтану ғылымының бір саласы сұйық жылу оқшаулағыш жабындарды жасау болып отыр.
Сұйық жылу оқшаулағыш жабындардың пайда болу тарихы өткен ғасырдың 70-жылдарында, АҚШ-та Thermal-Coat брендінің сұйық керамикалық жабыны жасалған кезде басталды.
Қазіргі уақытта көптеген елдерде осы перспективалы құрылыс материалдарының жаңа түрлерін жасау бойынша зерттеулер жүргізілуде.
Сұйық жылу оқшаулағыш жабындары (СЖЖ) – дәстүрлі жылу оқшаулағыш материалдардан жоғары болатын бірегей жылу өткізгіштік қасиеттері бар құбырларға, металл және бетон беттеріне, кірпішке, сылаққа және т.б. қолдануға арналған энергия үнемдейтін материал.
СЖЖ құрамына (модификациясына байланысты): полимер дисперсиясы (акрил сополимерлері, полиуретанды байланыстырғыштар негізінде), шыны, керамикалық немесе алюмосиликатты микросфералар, ультра және наноөлшемді ұнтақтар (микросилика, метакаолин, диатомит, ақ күйе, аэрозил, т.б. ) және бірқатар арнайы қоспалар (қоюлатқыштар, дисперсиялық, көбік кетіретін, консервант, пигментті, биоцидтік және т.б.) кіреді.
Бұл жабындардың құрамындағы микрокремний, шыны, керамикалық және алюмосиликатты микросфераларды және майда дисперсті минералды толтырғыштарды қолдану жылу оқшаулау қасиеттерін айтарлықтай жақсартуға, жабынның салмағын азайтуға, жабындардың жылу мен жарықтың шағылысуын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергия үнемдеу сипаттамалары бойынша сұйық жылу оқшаулағыш жабындарында жылу оқшаулау қасиеттері ерекше және басқа материалдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Олардың құрылымдарды коррозиядан және қызып кетуден сақтайды, зең мен саңырауқұлақтардың пайда болуына жол бермейді. Бұған қоса қызмет ету мерзімі ұзағырақ болады, қол жете бермейтін қиын жерлерде жылу оқшаулауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістегі еңбек шығындарын айтарлықтай азайтады.
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген жабындарды өндіруде жоғары технологиялық жабдықты, сондай-ақ тапшы шикізатты қажет етпейді. Сондықтан оны құрылыс саласына тез және тиімді енгізуге мүмкіндік береді.
Ғалымдарымыз әзірлеген материалдың ерекшелігі сол, ол тек жылу оқшаулау қасиеттеріне ғана емес, сонымен қатар коррозиядан және тікелей ультракүлгін сәулелер сияқты сыртқы факторлардан сақтайды. Инновациялық әзірлемелерді қолдану ауқымы кең – бөлмелердегі әрлеу жұмыстарынан бастап құбырларға, тоңазытқыштарға және т.б. жылу оқшаулағыш жабынмен қамтамасыз ету қажет кез келген жерде қолданылады.
Қазақстанның континенттік климаты жағдайында, негізінен жанбайтын, жағуға оңай, жылуды сақтайтын қасиеттері бар «түрлі-түсті», жылу оқшаулағыш қондырғыны үнемдеуге мүмкіндік беретін өзінің сұйық жылу оқшаулағыш жабындарын өндіру, әсіресе құрылыс индустриясы мен өнеркәсіпте сұраныс өте жоғары.
Сонымен қатар, политех ғалымдарының әзірлемелері жергілікті шикізатты пайдалануға, сол арқылы жетекші салалардың импорттық өнімге тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге бағытталған.
Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында жылу оқшаулағыш жабындарға арналған су-дисперсиялық, эпоксидті композицияларға нормативтік құжат әзірленді. Зерттеу жұмысының нәтижелерін нақты тұтынушы – лак-бояу материалдарын шығаратын зауытпен серіктестікке қол жеткізілді.