Радар деректеріне негізделген веб-қосымшасы тау-кен кәсіпорындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек
Сурет: https://www.esa.int/ESA_Multimedia/Images/2014/01/Sentinel-1_radar_vision
Сәтбаев университетінің жас ғалымдары Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарының бірін мысалға ала отырып, Қазақстанның мұнай өнеркәсібіндегі жерүсті ығысуын бақылау үшін радиолокациялық мәліметтерді пайдалану әлеуетін зерттейді.
Қазіргі уақытта радиолокациялық мәліметтерді пайдалана отырып, жер бетінің жағдайын бақылау жүйесі кеңінен қолданылуда. Италия, Англия, Нидерланды, АҚШ, Германия, Жапония және Швейцария сияқты көптеген дамыған елдерде радар деректерін талдау және интерпретациялау әдістемесінің модификациясы ретінде мұндай прогрессивті зерттеу саласы дамып келеді.
Америка Құрама Штаттарында радиолокациялық интерферометрия саласындағы әзірлемелер Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA), ал Еуроодақ елдерінде – ЕКА ғылыми жұмыстарының шеңберінде жүзеге асырылады.
Еуропалық радиолокациялық Sentinel-1 спутниктері арқылы ақпаратқа ашық қолжетімділіктің пайда болуымен әртүрлі салалардағы радиолокациялық деректердің ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті.
Sentinel-1-ден алынған мәліметтерді қолданудың негізгі бағыттары мұнайдың төгілуін анықтау және мониторинг жасау, теңіз мұзының картасын жасау, жер қозғалысын бақылау, жерді пайдалануды өзгерту картасын жасау, кемелерді қадағалау, орман картасын жасау және табиғи апаттардың мониторингін жасау болып табылады.
Қазақстандық зерттеушілер WEB GIS көмегімен интеграцияланған геодинамикалық мониторинг деректерін жинау мен сақтаудың интеграцияланған жүйесін жасау және оны өндіріс процесіне енгізу міндетін алға қойып отыр.
Жобаның мақсаты – геодинамикалық процестерге кешенді мониторинг жүргізу және веб-ГИС форматында алынған деректерді енгізу арқылы тау-кен өндіру кәсіпорны аумағында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Ғылыми жоба нәтижесінде заманауи спутниктік технологияларды пайдалана отырып, кен орындарындағы геодинамикалық процестерді кешенді бақылау алгоритмі әзірленеді деп күтілуде. Қазірдің қзігнде жиналған мәліметтерді өңдеу және талдау бойынша ғылыми-әдістемелік нұсқау әзірленді.
Алынған мәліметтер негізінде веб-географиялық ақпараттық жүйе әзірленеді. Әзірленген интерактивті жүйе орталықтандырылған мәліметтер базасын құруға, өлшеу жұмыстарының сапасын басқаруға және тау-кен кәсіпорнының маркшейдерлік және геомеханикалық қызметтерінің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік бермек.
Әзірленген веб-қосымша кен орындарын игеру кезінде ықтимал деформациялық процестердің аймақтарын жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың қауіпсіздік деңгейінің жоғарылауына, құлау және басқа деформация процестерінің салдарын жоюға кететін шығындарды азайтуға септесетін болады деп отыр ғалымдар.