Қазақстан ғылымы

Ұлттық ғылым академиясында отандық ғылымның қазіргі жағдайы талқыланды

13.05.2023

681



ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Қазақстанның салалық академиялары және ғылыми қауымдастық басшылары бас қосты. Олар ҒЗТҚЖ, ғылымдағы кадрлар, ғылыми жобаларды қаржыландыру, жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалардың сапасына тоқталып, отандық ғылымның басты мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ғылым академиясының баспасөз қызметі (https://www.facebook.com/qazaqnas). 

Дөңгелек үстел барысында ғалымдар ҒЗТҚЖ қаржыландыру жүйесін өзгерту қажеттігін алға тартты. Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Әбдікәрім Зейнуллин басында тиімді көрінген жобаның кейін нәтижесіз қалатынын, сондықтан өнеркәсіпке енгізу жоспарланған жобаларға алқалы сараптама жасау керектігін айтады. 

ҚР Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов болса, грантты ұйымдастырушылардың ғылыми-зерттеу ерекшеліктерін мүлдем ескермейтініне назар аударды. Сол сияқты жобаны байқауға дайындауға берілетін уақыттың тығыздығын тілге тиек етті. Нәтижесінде келешекте пайдасы мол жобалардың іріктеуден өтпей қалатынын жеткізді.  

Елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы менеджменттің болмауынан аяқсыз қалып, тиісті нәтижеге қол жеткізілмейтінін ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья да айтып өтті. 

Ғалымдар жүзеге асады деген нақты жобаларға ғана ден қойып, нәтижеге қол жеткізу керек деген пікірді қолдап отыр. ҚР ЖОО қауымдастығының басшысы Рахман Алшанов 2022 жылы Қазақстандағы ғылымды дамытуға 70 млрд теңге бөлінгенін, одан келген пайданың – 26 млрд теңге ғана екенін алға тартты. Алда тұрған мақсат – отандық ғылымды тоқыраудан шығару, ғылымға бөлінетін қаржының нақты іске тиімді жұмсалуын қадағалау. Сондықтан салалық академиялар мен ғылыми қауымдастықтардың басшылары осы мәселенің шешімін табуда өз ұсыныстарын жібермек. Қажет болса ҰҒА жанынан нақты мәселелер бойынша нақты шешім әзірлейтін жұмыс топтарының құрылуы да мүмкін.  

Жиын соңында ҚР ғылым және жоғары білім министрінің бұйырығымен Академияда тағайындалған вице-президенттер: Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы, Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, Ералиева Ләззат Тасболатқызы және Балықбаев Такир Оспанұлы таныстырылды. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар