Қазақстан ғылымы

«Боран» ғарыш кемесін жасауға қатысқан қазақ

22.02.2023

1468



Кеңес үкіметі халық шаруашылығы, ғылым және қорғаныс мүдделеріне арналған міндеттерді шешу мақсатында «Боран» ғарыш кемесін жасап шығарған болатын. Оған КСРО-дағы мықты деген мамандар жұмылдырылған. Солардың ішінде жалғыз қазақ Оңғарбай Қазыбайұлының болғанын бірі білсе, бірі білмес. 

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген елді мекенінің тумасы мектеп қабырғасынан шыққаннан соң темір жол училищесін тәмамдаған. Кейін Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық училищені үздік бітірген. Есепке жүйрік, алғыр жігітті белгілі академик В.П. Бармин өзіне ассистент етіп алған екен. Ол кезде В.П.Бармин КСРО-дағы космос әлемінің бас конструкторы С.П. Королевтің бірінші орынбасары болып қызмет атқаратын. 
Ауылдың қара домалақ баласы «Мясищев – Техсервис» ААҚ танкке реактивті қондырғы орналастыру құпия мекемесінде Бас конструктордың 1-ші орынбасары, «С. П. Королев атындағы Космос зымырандарын құрастыратын КБ» құпия әскери мекемесінің жетекші  инженер-конструкторы қызметтерінде болған.  

Космостық зымыран қондырғыларын жетілдіру саласында білімділігімен, біліктілігімен ерекшеленген Оңғарбай Қазыбайұлы бірнеше рет жоғары дәрежелі марапаттармен марапатталған. Оның ішінде әскери зымыран қондырғыларын бронды танкіге орнатудағы ерен еңбегі үшін иеленген Патон медалі де бар. Бұндай марапат КСРО-да он адамға ғана берілсе керек.  

Құрастырушы маманның айтуынша, «Боран» зымыранының ең бірінші төрт макеті жасалып, әрқайсысы жетілдірілген. Соңғы бесіншісі зауытқа дайындауға жіберіліп, ұшырылған. «Боран» зымыранының корпусы өте жеңіл әрі жоғары темрепатураға төзімді материалдан жасалған екен. 
Жалпы өзі туралы, жұмысы жайында көп айта бермейтін қарапайым, қазақтан шыққан ғарыш кемесінің тұңғыш конструкторы туған елінен қол үзген емес. Шалғайда, басқа елде жүрсе де ана тіліне, отандастарына деген құрметі ерекше болған. Өзі тұрған Ресейдің Жуковский қаласында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен етене-жақын араласқан. 

Бала күнінде жетімдікті, жетіспеушілікті көп көріп ауылда өскен, өз күшімен осыншама дәрежеге қол жеткізген Оңғарбай Қазыбайұлы бүгінде бақилық болған. Ол кісіге өзге елдің топырағы бұйырып, Жуковский қаласында жерленген.   

«« | »»
Соңғы жаңалықтар