Торайғыров университетінің зерттеушілері пластик қалдықтарын пайдаланудың тың шешімдерін ұсынады
Сурет https://inbusiness.kz/ сайтынан алынды.
Қазақстандық ғалымдар қайта өңделуі күрделі тұрмыстық қалдықтарды экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіруде пайдаланудың инновациялық жолдарын ұсынып отыр. Өңдеу өнеркәсібі бұған дайын ба?
Полиэтилентерефталат қалдықтары (ПЭТ) пластикалық қалдықтардың ең көп таралған түрлерінің бірі болып табылады. Физикалық тұрғыдан ПЭТ ақ, иіссіз қатты зат. Материалы берік, улы емес, -40 °C-тан + 70 °C-қа дейінгі температураға төзімді.
Полиэтилентерефталат тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде әртүрлі қаптамаларды, пленкаларды, шиналарды және басқа заттарды өндіруде қолданылады. Осы полимерді синтездейтін және одан әртүрлі өнімдер шығаратын кәсіпорындар да ПЭТ қалдықтарының көздері болып табылады.
Қазіргі уақытта пластикалық қалдықтардың осы түрін өңдеудің және кәдеге жаратудың әртүрлі әдістері қолданылып жатқанына қарамастан, олардың барлығы тиімді және экологиялық таза емес.
Сондықтан, Торайғыров университетінің ғалымдары полиэтилентерефталат қалдықтарын қайта өңдеудің инновациялық технологиясын әзірлеуде. Оның нәтижесінде қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтар негізінде Қазақстанда жоғары сапалы жолдарды салу мен дамытуда пайдалануға мүмкін беретін жаңа композиттік материалдар алынады.
Полиэтилентерефталат қалдықтары негізінде жақсартылған физикалық, химиялық және пайдалану сипаттамалары бар жаңа жол материалдарын алу әдісін әзірлеу ғалымдар қолға алған ғылыми жобаның басты мақсаты болып отыр.
Зерттеушілер ПЭТ қатты тұрмыстық қалдықтары негізінде жаңа асфальтбетон қоспаларын жасаумен айналысады. Сонымен қатар, алынған өнімдердің негізгі физикалық, химиялық және пайдалану сипаттамаларын зерттейді.
Жалпы Қазақстанда пластикалық қалдықтарды жинау өзекті проблеманың бірі. Әсіресе, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетінің қалыптасуы баяу. Пластикалық қалдықтардың көбеюін бақылау қиын.
https://kapital.kz басылымының мәліметінше, Қазақстанда ПЭТ қалдықтарын өңдейтін 15-тен астам кәсіпорын бар. Оның алтауы 50 пайыз, төртеуі 30 пайыз, қалғандары небәрі 10 пайызға ғана өңдеу жұмыстарымен айналысады.
2022 жылдың 14 маусымынан бастап Қазақстан Республикасының аумағынан ПЭТ қалдықтарын шығаруға тыйым салынды. Шектеу мерзімі алты ай болып белгіленді.
Экспортқа тыйым салу енгізілгеннен кейін кәсіпкерлер жылына шамамен 60 мың тонна өңдеуді жоспарлаған.
Өңдеу өнеркәсібін ұзақ мерзімді дамыту үшін «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді ұсынады. Онда коллекторлардың, өңдеушілердің және инвесторлардың ұсыныстары, сондай-ақ кәсіпорындарды қолдау және ынталандыру шараларын ескеру қажеттңгң алға тартылған. Даму бағдарламалары мен жоспарларын жасағанда қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері де ескерілгені маңызды.
АР09259187 «Экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіруде қайта өңделуі қиын тұрмыстық қалдықтарды пайдаланудың инновациялық әдісін әзірлеу» ғылыми жобасы.
Ғылыми жетекшісі: Мәдениет Азаматұлы Елубай, химия ғылымдарының кандидаты.