Отандық ғалымдар қазақ жылқы тұқымының Бесқарағай зауыттық түрін алып, патенттеді. Оның ерекшелігі салмағы мен төзімділігінде. Құлындауы жеңіл әрі өміршең болып келеді екен. Салмақты тез жинайды әрі сүтті жануар. Айғырының тірілей салмағы 490 кг, биенікі 470 кг болады. Жылқының бұл түрінде бас сүйегі ірі болып келеді. Яғни, тіс жүйесі мен ауыз қуысының бұлшық еттері жақсы дамыған. Жем-шөпті талғамайды. Айғырларының мойны ұзын, етті, жалы майлы. Ас қорытуы жақсы дамығандықтан, денесі де ұзын әрі жуан. Аяқтарының қылшықтары ұзын әрі сүйекті.
Мал шаруашылығы, ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымы Дастанбек Баймұқановтың айтуынша, ғылыми тәжірибелер Абай облысында жүргізілген.
Қысқы қалың қардағы жайылымда аяқтарындағы ұзын қылшықтары түрлі жарақаттардан сақтайды. Жалы мен құйрығындағы қылшықтары жақсы дамыған. Жас мал тез өседі, тек қыста аздап аяңдауы мүмкін. Бірақ, көктемде өсімі тез, деп сипаттайды ғалым.
Көбінесе қаракер болып келетін бұл тұқымда кейде құла, жирендер де кездеседі. Биелерінің сүттілігі сонша, тәулігіне 6,85 литрге дейін, құлынның түнде емген сүтін есептегенде тәулігіне 16,44 литрге дейін сүт береді.