Қазақстан ғылымы

ҰМҒТСО-на жаңа басшылар тағайындалды

09.12.2022

953

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек (онлайн түрінде) және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ жаңа басшылығын ұжымға таныстырды.

Арман Қайырберліұлы Қашқынбеков ҰМҒТСО АҚ президенті болып тағайындалды.

А. Қашқынбеков Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. (1998 ж.), «Болашақ» бағдарламасының 2000 жылғы түлегі (Вандербилт университеті, АҚШ), экономика магистрі (Норвегияның мұнай дирекциясы, 2002 ж.). Оның отандық және шетелдік компанияларда үлкен тәжірибесі бар. «KazEnergy», «Kazventure», «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ жетекші қызметтерінде жұмыс істеді. Соңғы лауазымы: Директорлар кеңесінің мүшесі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тәуелсіз директоры.

Азамат Ерсайынұлы Мәулитов ҰМҒТСО АҚ бірінші вице-президенті болып тағайындалды.

А. Мәулитов М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітірген. Қазақстандық ірі компанияларда – «Астана қаласының өңірлік технопаркі», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ, «QazInnovations» инновациялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-да басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

Рүстем Құсайынғазыұлы Манатбаев ҰМҒТСО АҚ вице-президенті болып тағайындалды.

Р. Манатбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетін бітірген (2004), техника ғылымдарының кандидаты. ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің механика кафедрасының маманы, ассистенті қызметтерін атқарды. 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы, доценті қызметінде. 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚазҰУ Математика және механика ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. Хирш индексі (Scopus негізінде) – 6.

Хайдар Сүлейманұлы Тасибеков ҰМҒТСО АҚ вице-президенті болып тағайындалды.

Х.С. Тасибеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Химиялық өндірістің негізгі процестері және химиялық кибернетика» мамандығы бойынша бітірген (2001). Химия ғылымдарының кандидаты, доцент. Бейорганикалық заттар мен материалдардың химиясы мен технологиясы саласындағы маман. Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті әзірлеу, енгізу және басқаруда тәжірибесі мол. Еліміздегі жетекші университет «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ құрылымында жұмыс істеп, кәсіби өсудің барлық сатыларынан өтті: тағылымдамадан өтуші-зерттеуші/кғқ, PhD докторант/ғқ, аға оқытушы/ағқ, доцент/жғқ, Профессор/бғқ м.а., бас директор, кафедра меңгерушісі, химия факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, химия және химиялық технология факультетінің деканы, университеттің ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры, кеңес мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰМҒТСО АҚ бұрынғы президенті Әділ Жүнісұлы Ибраевқа алғысын білдіріп, оның Қазақстанда мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүйесін дамыту мен құруға, Ұлттық ғылыми-техникалық сараптаманың, Ғылыми ақпаратты сақтау және жүйелеу, Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысын ұйымдастыруға қосқан зор үлесін атап өтті.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар