Қазақстан ғылымы

ҚазҰАЗУ ғалымдары экологиялық қауіпсіз, залалсыздандырғыш заттарды дайындамақшы

07.12.2022

1015


Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары инфекциялық ауруларды зерттеп, оның алдын алудың басқа да жолдарын қарастыруда. Олар 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша «Инфекциялық аурулардың алдын алу және жоюға арналған қауіпсіз қосылыстар негізінде залалсыздандырғыш заттарды дайындау» тақырыбында ғылыми жобаны қолға алды.

Жобаның мақсаты – әртүрлі әлеуметтік нысандар мен ветеринарлық қадағалау нысандарын қауіпсіз және тиімді заласыздандырып, инфекциялық аурулардың алдын алу және жоюға арналған қауіпсіз қосылыстар негізінде көпкомпонетті, экологиялық қауіпсіз, отандық залалсыздандырғыш заттарды дайындау және өндіріске енгізу.

Ол үшін қауіпсіз компоненттерді қолдана отырып, дезинфекциялық композициялық заттарды құрастыру бойынша қолданбалы зерттеулерді жүргізетін болады. Сол сияқты ұсынылып отырған санациялық заттардың салыстырмалы тиімділігін анықтау үшін зертханалық және өндірістік сынақтар жүргізіледі. Мамандар осы жоба аясында ветеринарлық қадағалау нысандарының жоғары санитарлық жағдайын қамтамасыз ету үшін профилактикалық дезинфекцияның тиімді заттарын ветеринария тәжірибесіне енгізуді жоспарлап отыр.

Ғылыми жоба бойынша қауіпсіз (уыттылығы төмен) қосылыстар негізінде көпкомпонентті дезинфекциялық препараттарды әзірлеу басты міндеттің бірі. Оны іске асыру үшін, дезинфекциялық заттарды құрастыру бойынша патенттік зерттеулер жүргізіледі, қауіпсіз компоненттер негізінде бірнеше нұсқада композициялар құрастырылады және уыттылық және микробиологиялық сынақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, даярланатын залалсыздандырғыш заттарды қолдану арқылы ветеринариялық қадағалау нысандары үшін профилактикалық дезинфекцияның технологиялық режимі жасалатын болады. Дезинфекция нысандарының ерекшеліктерін ескере отырып, құрастырылған дезинфекциялық заттардың тиімділігі (биологиялық және экономикалық) қолданыстағы аналогтармен салыстырмалы зерттелмекші.

Қазіргі таңда йод («Йод негізіндегі дезинфекциялық композиция») және сутегі асқын тотығы («Сутегі асқын тотығы негізіндегі дезинфекциялық композиция») негізіндегі дезинфекциялық заттардың әртүрлі комбинациялары құрастырылды. Негізгі компоненттерді таңдау үшін 20 жыл тереңдікте патенттік зерттеулер жүргізілді. Патенттік және әдебиеттік мәліметтерді талдау соңғы жылдары дамыған елдерде әртүрлі объектілерді залалсыздандыру үшін негізінен құрамында асқын сірке қышқылы, сутегі асқын тотығы, йод қосылыстары бар катионды және ионды емес беткейлік белсенді заттар негізінде жасалған композициялық агенттер қолданылғанын көрсетті.

Әзірленген дезинфекциялық композициялардың құрамдас бөліктерінің синергизмін анықтау үшін әртүрлі химиялық қосылыстардың және олардың комбинацияларының E. coli және Staphylococcus aureus-қа қарсы бактерицидтік белсенділігі зерттелді.
Кейінгі зерттеулер үшін биоцидтік қасиеттері бойынша прогрессивті дезинфекциялық композициялар таңдалды. Эксперименттік құрамдардың физика-химиялық қасиеттері зерттеліп, коррозиялық белсенділік анықталды.

Ғылыми жоба: AP09562539 «Инфекциялық аурулардың алдын алу және жоюға арналған қауіпсіз қосылыстар негізінде залалсыздандырғыш заттарды дайындау», іске асырылуы: 2021 - 2023 жж.

Жобаның ғылыми жетекшісі: Алиханов Қуантар Дәуленұлы, PhD, ҚазҰАЗУ қауымдастырылған профессоры.

Материал https://www.kaznaru.edu.kz/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар