Satbayev University-дің Металлургия және байыту институтының ғалымдары булану негізінде сапалы селен алудың вакуумды айдау әдісін ойлап тапты. Басқа әдістерден айырмашылығы – экологиялық таза технология арқылы алынады.
Жоба техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Профессордың түсіндіруінше, сирек кездесетін металдар негізгі металдарға қосымша жүреді. Мысалы, мысты өндіру кезінде одан қалған қалдықтан түрлі металды кедестіруге болады. Оның ішінде алтын, күміс сияқты басқа металдармен бірге селен де жүреді. Дәл осы селенді алу үшін қалған қалдық сумен тазартылып, арнайы аппаратқа жіберіледі. Яғни, балқыту және сүзу процестері жүзеге асырылады. Көбінесе балқытылған қалдықтың құрамында селенмен бірге теллур және сынап та кездесуі мүмкін.
Деректерге сүйенсек, селенді ашқан 1817 жылы Джох Дж.Берзелиус пен Джон Г.Ган пиритті буландырғанда қызыл қалдықты байқайды. Алдымен олар оны теллурмен шатастырған көрінеді.
Дегенмен, отандық ғалымдарымыздың тәжірибесі бойынша 480⁰ С балқыту пешінен өткен қойыртпақ 420⁰ С-тық дистилляциядан (сүзгіден) өтеді. Осындай ыстық пештің бетінде тұрған өте ұсақ тесіктері бар тор қабаттан буға айналған селен ғана өте алады. Ол сұйық күйінде арнайы қалыптарға құйылады. Ғалымдардың бұл жаңалығы селенді арзан жолмен алуға мүмкіндік береді. Елімізде шығарылатын таза селеннің құны шетелдік өнімге қарағанда әлдеқайда төмен.
Жоғары сапалы селен шыны өнеркәсібінде шыныны бояу үшін, радиоэлектрондық өнеркәсібінде жартылай өткізгіштер өндіру үшін, күн энергиясында күн батареяларын өндіру үшін қолданылады, сондай-ақ болат өндірісіне де селен қажет.
Бағдәулет Кенжалиев сапалы селен өндірісінің Балқаш қаласындағы «Қазақмыс Прогресс» серіктестігінің өндірістік нысандарында жолға қойылғанын тілге тиек етті. Ғалымдар тазартылған металдың алғашқы партиясын алып та үлгеріпті.
Материал https://www.facebook.com/bilimjanegylym деректері бойынша дайындалды.