М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының ғалымдары Erwinia amylovora бактериясын анықтайтын тест жүйесін ойлап тапты.
Erwinia amylovora, яғни қарапайым тілмен айтсақ, жеміс-жидек дақылдарының бактериалды күйігі өсімдіктердің қауіпті жұқпалы ауруы болып табылады. Деректерге сүйенсек, бұл бактерия алғаш рет сонау XVIII ғасырда Солтүстік Америкада анықталған көрінеді. Кейін біртіндеп басқа елдерге тарап кеткен.
Біздің жеріміздегі бұл бактериялық ауру туралы ресейлік эксперт-бактериолог Наталия Дренова «Researchgate» журналына жарияланған ғылыми мақаласында көрсетіпті. Ол 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасында Алматы облысындағы жеміс-жидек шаруашылықтарында алмұрт және алма бақтарынан бактериялық ошақтары байқалды. 2011-2012 жж жұқтырған үлгілер Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында және Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығында зерттелді, деп жазады. Ғалымдар жеміс ағаштарына қауіпті бұл бактерияның алдын алмаса, оны толығымен емдеу мүмкін еместігін алға тартады.
Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, селекционер Светлана Алексеенко да бізге берген сұқбатында Талғар ауданындағы бақшаның алмұрттарының осы сияқты ауруларын тілге тиек еткен болатын. Сондықтан отандық ғалымдарымыздың бұл жаңалығы өсімдік шаруашылығына көп көмегін тигізбек.
Қазақстандық ғалымдардың жаңа LAMP диагностикалық жүйесі шетелдік жүйелерден әлдеқайда арзан.
ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметі дайындаған материалда М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының биологы Нұрбол Ғалиақпаров LAMP туралы былай дейді:
– Біз әзірлеген LAMP негізіндегі бактерияларды анықтаудың жаңа жүйесі қазіргі кезде қолданылатын классикалық ПТР-мен салыстырғанда 100-1000 есе сезімтал. Сезімталдықтан басқа, ПТР-дан айырмашылығы - LAMP технологиясы қолдануға ыңғайлы, дала жағдайларына оңай бейімделеді, сонымен қатар қымбат реагенттер мен жабдықтарды қажет етпейді. Салыстырмалы түрде бактериялық күйікті анықтауға арналған біздің тест-жүйеміздің бір сынама құны 6 000 теңге, ағылшын зертханасында 31 000 теңге, швейцариялық зертханада 57 000 теңге тұрады. Осы арзан тест-жүйелердің көмегімен әр бағбан ерте диагностикаға қол жеткізе алады. Егер үй бақшалары өздігінен қалып қойса, онда олар жабайы алма ағаштарын жұқтыру қауіпі бар. Ал біздің елімізде жабайы алма ағаштарының арасында дүниежүзілік мұра – Сиверс алма ағашы өседі, оны сақтау керек.