Қазақстан ғылымы

Вакцина-спрей немесе нановакцина туралы не білеміз?

10.08.2021

2572

Соңғы екі жылда барлық ғалымдар COVID-19-ды жеңудің жолдарын іздеуде. Біздің ғалымдарымыз да қарап қалған жоқ, білек сыбанып іске кірісті. Нәтижесінде отандық QazVac вакцинасына көрші мемлекеттердің де қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Ендігі кезекте вакцинаның басқаша үлгісі ұсынылады деп отыр отандық ғалымдар.

Бұл вакцинаның ерекшелігі неде?

Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетінің жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов Inform.kz журналистеріне берген сұқбаттарының бірінде нановакцина туралы айтып кетті. Ол ағзаға укол түрінде салынбайды, керісінше мұрын қуысына себетін препарат болуы мүмкін. Әзірге сынақтан өтіп жатқан вакцинаның бұл түрі Огайо мемлекеттік университетімен бірге дайындалған. Ғалымдар оны әртүрлі табиғи полимерлерді пайдалана отырып, нано бөлшектер арқылы вакцина дайындаған. Яғни вакцинаның белсенді бөлігі сол полимерлер ішіне енгізіледі.
Алғашқыда нанобөлшектер негізіндегі вакциналар ауыл шарауашылығы жануарларына арналып жасалған екен. Кейін ғалымдар бұл вакцинаның түрін коронавирусқа қолданып көруді шешкен. Тышқанға жасалған тәжірибе вакцинаның қауіпсіз екенін, жасушалық иммунды қалыптастырып, инфекциядан қорғайтынын көрсеткен. Сөйтіп бұл вакцина былтыр қолға алынған болатын. Ол туралы БАҚ беттерінде жазылды да.

Зерттеулерге сәйкес, коронавирусқа қарсы тұра алатын иммунитет қажет. Денеге вакцина инъекция түрінде енгізілген кезде адамның шырышты қабатындағы иммунитеті тыс қалып қояды. Оған А класының иммуноглобулиндері немесе секреторлық антиденелер жауап береді. Тиімділігі сол, коронавирусты қоздырушы дем алатын органдарға түскен кезде бірден осы антиденелерге ұсталады. Сол арқылы инфекцияны "құрықтауға" болады. Дегенмен, бұл антиделер аз өмір сүреді. Сол себепті шырышты қабатта бір жарым айдан кейін болмауы мүмкін. Сонда да ғалымдар вакцинаның бұл түрін жетілдіруді қолға алыпты. Айта кетерлік жайт, басқа бірде бір вакцина бұл сияқты антиденелерді қалыптастыра алмайды.

Басқа елде баламасы бар ма?

Жақында Мәскеу қаласының сауда және қызмет көрсету департаментінің бастығы Алексей Немерюк «Спутник-лайт» себетін вакцинасының айналымға түсетінін жеткізді. Ол бір компонентті және жеңіл пайдаланылады. Федералды іргелі және трансляциялық медицина орталығының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі, вирусолог-профессор Александр Чепурнов вакцина мұрынға себетін спрей немесе таблетка түрінде болуы мүмкін дейді. Ресей ғалымдарының айтуынша, бұл вакцина кептірілген, яғни құрғақ түрінде Цельсия шкаласының +4 градусына дейін сақталады.

Австралиялық Nucleus Network компаниясының ғалымдары да мұрынға себу арқылы вирустан қорғануға болатын жаңа препаратты клиникалық сынақтан өткізді. Бұл туралы Voice of America жазды.
Компания директоры Пол Гриффин басқа препараттардың COVID-19 ауыр симптомдарының өршіп кетпеуінен қорғаса, бұл препарат жұқтырудың алдын алуға көмектесетінін айтады.
Ғалымдар жаңа вакцинаның AstraZeneca және Pfizer препараттарымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді деп отыр. Оның үстіне вакцина салғызудан қорқақтап отырған адамдар үшін оң шешім. Дегенмен, Австралия ғалымдары бұл вакцинаның екі жылдан кейін ғана қолданысқа берілетінін айтады.

Қытайдағы South China Morning Post басылымы вакцина-спрейдің 2-3 жылда пайдалануға берілетінін жазады. Вакцинаның бұл түрін жасауға Гонконг университетінің профессоры Иван Хунг Фан-нгай бастаған 10 адам еңбектенуде. Қытайлық ғалымдар вакцина-спрейді тіпті 6 айлық нәрестеге де қолдануға болатындай етіп жасауға тырысуда. Оның теріс көрсеткіштеріне аздап бастың ауыруы мен мұрынның бітелуін кіргізеді.

Дайындаған Толқын Садырова.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар