Қазақстан ғылымы

Елорда тарихы Бозоқ қаласынан басталады

05.07.2021

2770

Кез келген мемлекеттің астанасы оның бойына қан жүгіртетін жүрегі іспетті. Қазақстанның жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласының тарихы тереңде жатыр. Біз білетін бұрынғы атаулары: Ақмолинск, Целиноград, Ақмола, Астана.

Негізінде Елорданың тарихы VIII ғасырдан басталады екен. Кейбір тарихи деректерде 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне арнайы келген офицер И.Шангин кішігірім қаланың жұрнақтары ғана қалған ежелгі Бозоқ қаласы туралы көрген білгендерін күнделігінде қалдырып отырған. Оның жазбалары 1820 жылдары Ресей императорының «Сибирский вестник» журналында жарық көрген. Бұл қалаға деген қызығушылық жалғасып, 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді.
Бертін келе, 1998 жылы отандық археолог Кемел Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі Бозоқ қаласының орны табылған болатын.

Академик Кемел Ақышев:
«VIII-XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент–қалаларының пайда болуы, бекініс-баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын – ордалардың салынуы отырықшылыққа негіз болды. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ бастапқы кезде жергілікті билеушінің ордасы болған екен», – дейді өз зерттеулері турасында.
Елбасы «Еуразия жүрегінде» кітабында Ақмола қаласы туралы:
«Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы», деген болатын.

«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбаттарының бірінде Кемел Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, ЕҰУ профессоры Марал Хабдулина бұл археологиялық ескерткіштің ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастырғанын айтады.


Бірінші кезең – көне түркі дәуірі. Яғни, Бозоқ қаласының орнынан табылған үш төртбұрыш формасындағы алаңдардағы жәдігерлер VIII-IХ ғасырларға жатқызылды. Бозоқ қаласы көне түркілердің әскери ордасы болған.


Екінші кезең – Қыпшақ хандығы дәуірі. Х-ХІІ ғасырлар. Бұл кезеңде Суармалы егістік дамыған. Оған арық, канал жүйелері негізіндегі суармалы егіншілік мәдениетіне тән жәдігерлер дәлел.


Үшінші кезең – алтынордалық дәуірден біздің заманымызға дейін жалғасқан. ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап. Табылған жәдігерлер мұсылмандықтың діни орталығы болғандығын көрсетеді.


Кейінгі дәуірлер тарихы көпшілікке аян. Өзіміз білетіндей, тың игеру жылдарында Ақмола облысы алтын дәнді астығымен даңқты болды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды. 1960 жылғы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық шығып, 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіледі. Ресми түрде 1962 жылы бекітілді. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек Жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Нұр-Сұлтан бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы болашаққа жаңа көзқараспен ұмтылған білімді, талантты жастардың қаласына айналды. Еліміздің астанасының күні құтты болсын!

Суреттер https://egemen.kz, http://www.kieliqazaqstan.kz/ сайттарынан алынды.

Дайындаған Т.Садырова.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар